Бүгін Исатай аудандық сотының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында алғаш сөз кезегін алған облыстық соттың төрағасы М.Бектұрғанов сот төрелігі жүйесін дамытудағы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың айрықша еңбегін айта келе, қатысушыларды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы атынан жаңа соттың ашылуымен құттықтады.
Сондай-ақ ол жаңа ғимараттың салынуына септігін тигізгені үшін аудан әкіміне алғысын білдірді. -Жаңа ғимараттың құрылысы қазіргі заманғы сот төрелігін жүзеге асыру стандарттарына сәйкес келеді. Мұнда сот қызметкерлерінің кәсіби түрде тиімді жұмыс істеуі және ең бастысы құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сотқа жүгінетін аудан тұрғындары үшін жақсы жағдай жасалған, - деді М.Бектұрғанов.
Аудан әкімі М.Мурзиев өз сөзінде Елбасының бағдарламаларында жүктеген міндеттерінің жүзеге асырылу барысы туралы айта келе, жаңа сот әділдігі сарайының ашылуы ауданның жарқын іс-шарасы екендігін атап өтті.
Одан кейін аудандық билер кеңесінің төрағасы Ж.Қадимов сөз алып, жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, соттың жұмысына сәттілік тіледі.
Облыстық соттың төрағасы М.Ж.Бектұрғанов пен аудан әкімі М.Мурзиев сот ғимаратының лентасын қиды. Ғимараттың ашылу салтанатына жиылғандар жаңа нысанды аралап, сот жұмысымен танысты.
Жаңа ғимаратта судьялар мен мамандардың жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған: күту, мәжіліс орындары, бейнебайланыспен кешенді жарақтандырылған 1 мәжіліс залы, татуласу бөлмесі, прокурорлар мен адвокаттар кабинеттері, мұрағат орналасқан.
Ғимараттың кіре берісінде электронды түрде қарауға болатын сот қызметі туралы қажетті электронды ақпараттар мен азаматтарды қабылдау кестесі ілінген. Тақтайшаларда судья әдебінің кодексі, «Медиация туралы» заң, сондай-ақ сотқа өтініш беру үшін қажетті құжаттардың үлгілері бар.
Салтанатты шара соңында қатысушыларға облыстық сотының төрағасы М.Ж.Бектұрғанов «Атырау облыстық сотына 80 жыл» кітабын табыстады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ