Исатай ауданында ауыл оқушыларына арналған олимпиада басталды

Оқушылардың жан-жақты жетілуі үшін үлкен қалаларда көптеген  мүмкіндіктер бар екені жасырын емес. "Ал осындай да ауыл балаларының білімі қалай жетілмек?"деген орынды сұрақ туындары сөзсіз. Дегенмен бүгінде онлайн форматта болса да бірқатар мүмкіндіктер ауыл  мектептері оқушыларының ғылым жолына түсіп, білімін шыңдауына тың серпін беруде.

Мұндай мүмкіндіктің бірі ауыл мектептері оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі ауданға қарасты барлық мектептерде 20 – қарашада бір мезетте басталып, мекеме басшыларының қатысуымен ашылу салтанаты өтті. Соның бірі Аққыстау орта мектебінде аталмыш олимпиаданының ашылу салтанаты өтіп, жиынға Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Света Жарылғасова және ұстаздар мен оқушылар қатысты. Аталмыш олимпиадаға 9 – 11 – сынып оқушылары қатысып, жалпы аудан бойынша 278 оқушы  бақ сынайды.

 Олимпиаданың мақсаты – еліміздің ауылдық жерлердегі мектеп окушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті окушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада қатысушылар жаратылыстану-математикалық және  қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша сынақ тапсырады. Олимпиада үш кезеңде өткізіледі: бірінші кезең (бастапқы) – қараша айы; екінші (іріктеу) – желтоқсан айы; үшінші (республикалық) – ағымдағы оқу жылының қаңтар айы. І кезең қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылардың жалпы санының 35%-ы олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысуға жіберілетін болады. ІІ кезең тапсырмалары дәстүрлі олимпиадалық түрде онлайн-платформада көрсетіліп, шешімдер қағазда жүзеге асырылады. III (республикалық) кезеңге ІІ кезеңнің жеңімпаздары қатысады.Үшінші кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай оқу мектебіне қабылданады.Үшінші республикалық кезеңдегі жүлдегерлер саны әр пән мен сынып бойынша қатысушылардың жалпы санының 45%-ын құрайды және ҚР ОАМ дипломдарымен және «Дарын» РҒПО грамоталарымен марапатталады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы ақпан айында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне дайындау мақсатында өткізілетін оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Осылайша жүйріктер қатысқан байқауда мықтылардың мықтысы сараланады.

Жайна  ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT