Бүгін, яғни, 12 маусымда Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қайта жұмысын бастады.
Індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайлар режимі талаптарына сай тоқтатылған жәрмеңке тура үш ай уақыттан кейін қайта жанданып отыр. Карантин алынғанымен, шектеу шаралары бар, күн сайын құбылған баға бағамы да тиісті мекемелердің қадағалап тұруларын қажет етеді. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы мен мамандары, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, Аққыстау ауылдық округі әкімдігі қызметкерлері, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құрылған топ жәрмеңкеде болып, ондағы шектеу талаптардың сақталуы мен ұсынылған өнім бағаларының тұрақтылығын таразылады.
Белгілі бір ғимаратта емес, ашық аспан астындағы сауда дегеніңізбен, сатушылардан шектеуге сәйкес сақтық, антисептиктер мен қолғаптар талап етіледі. Адамдардың арасы да жақындап кетпеуі тиіс. Мамандар осы жайлы ескертіп, қойылған бағаларға да назар аударды. Байқағанымыздай, жәрмеңкедегі баға аса қымбат деуге келмейді. Рас, бұрынғымен салыстырғанда айырмашылық бар. Бұған да түсіністік танытқан абзал шығар. Өйткені, өнімді ешкім өз бақшасынан әкеліп отырған жоқ. Ал, алған жеріңдегі баға арзан болмаса, саттыққа шығарған тауардың құнында да өсім байқалмай қалмайды. Оны тұтынушылардың дені түсіне бермеуі де мүмкін. Мәселен, бізге кезіккен тұрғындардың бірі ауылдағы кейбір дүкендердегі көкөністердің құнын былтырғымен салыстырып, бағаға көңілі толмайтындығын байқатты. Ал, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов бағаны барынша бақылауда ұстап отырғандықтарын айтады.
Әсіресе, жәрмеңкеде жеңілдік бар. Мәселен, ауыл дүкендерінде 170/250 теңгеге сатылып жатқан картопты бұнда 150/220 теңгеден табасыз. Аудан нарығында 500/550 теңгедегі қызанақ құны жәрмеңкеде 300/350 теңгеден тұр. Капустаның келісі 100, алманың келісі 500 теңгеден сатылуда.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ