Бүгін «Бастау» жобасымен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарды оқытудың биылғы соңғы легі аяқталды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жоба аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы жүзеге асырылуда.
«Қарапайым халық әсіресе шалғай ауылдардың тұратындары үшін бұл жобаның пайдасы мол. Себебі, аталмыш жобаға тек жұмыссыздар ғана емес өзін-өзі жұмыспен қамтушылар да қатыса алады. Жеке кәсібін ашуға ниеттенгендерге көрсетілетін бұл қолдаудың тыңдаушыларға көмегі көп. Мәселен, бір айлық оқуға қатысқандарға бизнес-жоспарлары жасақталып беріліп, шәкіртақының да төленуі қарастырылған. Курс тыңдаушыларына тәжірибесі бар бизнес-тренер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретеді. Курста тек бір бизнес-тренердің дәрісі емес тыңдаушылардың сұранысына орай жергілікті атқарушы органдардың да жауапты қызметкерлері өз құзыреттері шегінде кәсіпкерлікке қолдаулар жөнінде түсінік беру жұмыстары жолға қойылған» дейді аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрым Мусин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, оқуға 69 тыңдаушы қатысып, 61 тыңдаушы өз бизнес жобаларын комиссияның алдында қорғаған. Олардың 13-і қол жетімді пайызбен несие алу үшін, 48-і кәсіптерін бастауға алғашқы капитал ретінде 200 АЕК, яғни, 505 000 тг көлемінде гранттар ұтып алуға үміттілер екен.