Исатай аудан көлемінде 10 қыркүйек- 31 қазан аралығында балық пен балық өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Бекіре-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл күзгі кезеңді ұйымдастыру кезінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлескен мобильдік топтар құрылып, заңсыз балық аулау фактілерін анықтау және жолын алу бағытында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
-Учаскелік полиция инспекторларының және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне түсетін жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің назарын ауданымыздағы Каспий теңізі жағалауында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулау әрекеттерінің жолын кесу міндеттері жүктелді-дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Бимуханов.
Сондай-ақ, әуесқой балық аулаушылардың назарына тәртіп сақшылары төмендегі жағдаятты ұсынады. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балық аулаушыға бес данадан аспайтын ілмектері бар қармақтардың барлық жүйелерімен және атауларымен (жылтырауық, қармақ, жыртқыш балықтарды аулауға арналған қармақтар, спиннингтер), суасты аңшылығына арналған қарумен және де бір балық аулаушыға 5 кг-ға дейін су жануарларын аулауға рұқсат етіледі. Осы балық аулау тәртібі бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабының 1-3 бөлімдерінде көзделген айыппұлдар салынатын болады. Ал бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мүлдем рұқсат жоқ, бұндай факті анықталып, ұсталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осы іс-шараға байланысты арнайы жұмыс жоспары жасақталып,аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы іс-шараға жұмылдыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да күнделікті жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.