Исатай ауданында былтырғы бюджет қалай атқарылды?

Фото:интернеттен

Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен аудандық қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінің күн тәртібіндегі негізгі мәселе болды.

Ол бойынша баяндама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Сапаева өткен жылға арналған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын және бюджеттің атқарылуын кеңеске жан-жақты мәлім етті. Онда атап өтілгендей, өткен жылы 7 млрд 852 млн 138 мың теңге көлемінде жоспарланған аудан бюджетінің барлық кірістері 8 млрд 468 млн 455 мың теңгеге немесе 107,8 пайызға орындалысы қамтамасыз етілген. Ал аудан бюджетінің шығыстар жоспары 8 млрд 024 млн 453 мың теңге болса, ол 7 млрд 519 млн 969 мың теңгені құрап, жоспардағының 93,7 пайызға игерілуі жүзеге асқан.

Баяндамада айтылған 2024 жылға ауыспалы 18 құрылыс нысаны, 6 жобалау сметалық құжаттамасына түзету енгізу, аяқталмаған жобалау-сметалық құжаттамалары, сала-сала бойынша даму көрсеткіштері төңірегінде кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдар да нақты жауаптарын тапты.

Мәжілісте, сондай-ақ, «Деструктивтік діни ағымдарға қарсы орта – мектеп және балабақшалармен, мекемелермен жұмыс жүргізу нәтижелері туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құрманғалиеваның, «Сумен қамтудың сапалық жағдайы жөнінде» аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Б.Қартмағанбетованың хабарламалары тыңдалып, талқыланды.

Қоғамдық кеңес қаралған мәселелер бойынша айтылған ұсыныс, білдірілген пікірлер негізінде тиісті шешім алды.

 

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT