Исатай ауданында II фортсайт «ҰБТ – жол картасы» атты облыстық сессиясы өтті

Ауданымызға сапарлатып келген облыстық білім беру  басқармасы басшысы мен барлық аудандардың білім бөлім басшыларының қатысуымен «ҰБТ – жол картасы» атты II фортсайтта окушылардың білім деңгейін арттыру жөнінде сөз қозғалды.

-Облысымыздағы бүгінгі басты мәселе - сапалы білім беру. Қандай қиындықтар болмасын білім беру саласы соңғы кездері жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Өткен бірінші айда 70% болатын болса, одан кейін екінші ай- 75%-ға жетсе, үшінші айымыз 80% құрап отыр. Осы орайда білім саласында тер төгіп жүрген педагогтарға арнайы ризашылығымды білдіргім келеді.Алғашқы бастауы осы Исатай ауданынан басталып отыр. Барлығымыздың мақсатымыз бір. Сондықтан, іске сәт!-деп ризашылығын білдірді облыстық білім басқармасының басшысы.

Бұдан кейін ол ұлттық бірыңғай тест сынамаларының қорытындысында облыс бойынша жоғары көрсеткішке жеткен ауданның білім саласына ынталандыру сыйлығын аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиеваға тапсырды. Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева, осы бөлімнің әдіскері Тәбила Исмагулова, Исатай орта мектебі директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Светлана Молдағалиева, Ю.Гагарин атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Жарылғасова, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Шолпан Хамзина, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанар Телешова, Новобогат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Бибігүл Төлеуова білім саласының жоспарлы жобасы жөніндегі жұмыстары туралы айтып берді. Айта кетейік, күні кеше шыққан өзгерістер бойынша ресми деректерге сүйенсек, жалпы биылғы жылы қазақстандық оқушылар ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Осылайша, талапкерлерге білім беру гранттарын тағайындау конкурсына екі сертификаттың үздігін ұсынуға болады. Тестілеу форматына ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Пәндер саны да өзгеріссіз қалады. Алайда Қазақстан тарихы мен Оқу сауаттылығы пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Ендігі кезде «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: бір дұрыс жауапты таңдаумен 10 тапсырма және контекст негізінде 10 тапсырма, сондай-ақ бұрын талапкер «Оқу сауаттылығы» бойынша 20 сұраққа жауап берсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі.

Осылайша Қазақстан тарихы бойынша – 20, оку сауаттылығы  – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15 және екі бейінді пән бойынша 35 тапсырма беріледі. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады. Айта кетсек, 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады екен. Одан бөлек күнтізбеге сәйкес белгіленген межеде Аққыстау орта мектебінде басқарма басшысы мен аудан әкімі ата-аналармен кездесу еркін форматта өткізілді. Жиынды ашқан Гүлнара Садуақасова білім сапасын арттыру, бастысы бала өмірінің қауіпсіздігін, алдағы жылда облыс бойынша мектептер бейнекамералармен толықтырылатынын жеткізді. Сонымен қатар ата-аналарға  бала тәрбиесіне, ұрпақ тәрбиесіне баса назар аудару қажеттігін де тілге тиек етті. Ата-аналар жиналысында көптен сұрап жүрген мәселелердің бірі - ол Аққыстау мектебі ғимаратын жөндеу туралы еді. Одан кейін бірқатар ата-аналар ҰБТ-ға балаларды арнайы оқытып, дайындау үшін сонау қалаға жіберуге мәжбүрлі екендіктерін айта отырып, осы аудан бойынша пән мұғалімдері дайындалса жөн еді деген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

                                                                                     Сағыныш ҚАЙЫР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521