Исатай ауданында «Әйел – ұлттың айнасы» атты семинар өз жұмысын дүйсенбі күні бастап, бүгін екінші күнмен жалғасуда. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы ұйымдастырған бұл іс-шара бес күнге жоспарланған. Білікті психолог, психология ғылымдарының магистрі Бұлбұл Мусиралина семинар тізгінін ұстап, дәріс өткізді.
Семинардың негізгі мақсаты – әйелдердің мансаптық жолда ілгерілеуіне қолдау көрсету, көшбасшылық қабілеттерін, тұлғалық даму мен тиімді коммуникация құралдарын қолдану дағдыларын жетілдіру.
Ауылдық округтерден қатысып жатқан мемлекеттік қызметкерлер де шараға белсенді атсалысуда. Қатысушылар семинар барысында интеллектінің түрлі түрлерімен танысып, эмоцияны басқару тәсілдерін меңгеріп, эмоционалды манипуляцияларға қарсы тұру жолдары мен ішкі күйзелістерді жеңу әдістерін талқылауда.
Бағдарлама аясында қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтегі әйел бейнесі, кәсіби этикет пен имидж мәселелері қамтылып, қатысушыларға кәсіби даму мен тұлғалық өсуге бағытталған практикалық сабақтар ұсынылуда. Сонымен қатар, мотивацияны сақтау, мақсат қою мен стратегиялық ойлау қабілетін дамытуға арналған тренингтер де өтуде.
Семинарда бүгінгі қоғамдағы әйел көшбасшылығының маңызы мен рөлі кеңінен талданып, тиімді қарым-қатынас орнату, өзара қолдау көрсету жолдары қарастырылуда. Іс-шара барысында қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, білім мен дағды қорларын толықтыру мүмкіндігіне ие болуда.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ