31 мамыр –саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Ардагерлер» саябағындағы монумент ескерткішіне гүл шоқтары қойылды деп хабарлайды «Naryn tany» газеті.
Саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі. Естеліктері ешқашан ескірмейтін осы күнді исатайлықтарда ескерусіз қалдырған жоқ.
Аудан орталығындағы «Ардагерлер» саябағында орын тепкен қуғын-сүргін құрбандарына арнайы орнатылған ескерткішке аудандық әкімдік, аудан әкімі аппараты, дербес бөлімдер, аудандық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мұражай, мұрағат ұжымдары, аудандық білім бөлімі, оған қарасты білім беру мекемелері, аққыстау ауылдық округі гүл шоқтарын қойып, құрбандарды еске алу үшін олардың рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздік жариялады.
Еске алу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы қатысып, сөз сөйледі.
Бұдан кейін шара «Жалын» мәдениет үйінде жалғасты. Онда еске алу рәсіміне қатысушылар Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының әкелген «Гулаг жүйесіндегі прорва-астрахан» лагерлері көшпелі көрмесімен танысты. Сондай-ақ олар аудандық орталық кітапханада саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесті.