Исатай ауданында 1-желтоқсанда «Жалын» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Кел шырқайық» ән байқауы басталды. Бұл жобаның басты ерекшелігі, кәсіби әншілер мен әртүрлі мекеме қызметкерлері дует құрып, сайысқа түседі.
Бір айға созылатын жобада 14 қатысушы, яғни 7 жұптың өнері сынға түседі. Байқау 4 кезеңнен тұрады, әр бейсенбі сайын аудандық «Жалын» мәдениет үйінде көрерменге көңілді кеш сыйлайтын болады.
Байқауда белгілі әнші Альбина Мидар мен аудан әкімінің кеңесшісі Ринат Есқали, Айдана Бақытова мен ХҚКО (халыққа қызмет көрсету орталығы) аудандық филиалының басшысы Едіге Досқалиев, сазгер әрі әнші Берікбол Қонаров пен АПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға инспекторы Айсұлу Телеубаева, талантты әнші Аманбек Тарихов пен Өркен орта мектебінің мұғалімі Гүлден Еркін, дарынды әнші Жеткіншек Идеятов пен аудандық мәслихат аппаратының бас маманы Дидар Жеткінов, Меңдібек Жұмағалиев пен ағылшын және орыс тілі пәнінің мұғалімі Қырмызы Сыдиқова, дәстүрлі және эстрадалық әндерді керемет орындаушы Гүлзира Қажығалиева мен Аққыстау орта мектебінің құқық негіздері пәнінің мұғалімі Нурия Қайдар жұптасып, өнер көрсетеді.
Байқаудың алғашқы кезеңінің өзінде көрермен көп жиналды. Тағы бір айта кететін жайт, байқауға қатысушылардың өнері әр кезеңде берілген тақырыпқа сай, әндері мен образдарын үйлесімді орындауларына қарай бағаланады.
Әділқазылар алқасынан бөлек, көрермендер де өздеріне ұнаған жұптарға «Жалын» мәдениет үйінің Instagram парақшасы арқылы да дауыс бере алады.
Жайна МӘЛІМҚОЖА