Исатай аудандық орталық кітапханада қызықты да тағылымды «Кітапхана түні» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Оқырмандар түн ауғанша қордағы кітаптармен танысып, мекеме қызметкерлері дайындаған түрлі тосын сыйларға да куә болды. Бұл жолы рухани орталыққа әртүрлі жастағы оқырмандар жиналды.
«Кітапхана түнінің» мақсаты - тұрғындарды кітап оқуға баулу және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу, кітапхана мен жұртшылық арасындағы байланысты нығайту болды.
Аталмыш іс-шарада алдымен «Ғажайыптар алаңымен» таныстырылды. Одан кейін барлық қатысушылар «Білім құдығынан дәм» айдары бойынша сұрақтар легін таңдау арқылы жауап берді. Одан бөлек, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ақпараттық таным, «Менің ішкі түйсігім», «Көңілді тапқырлар» сынды жастар арасында қызықты бөлімдерге кезек берілді.
Осы кеште өлең оқыған жастар қатары да көп болды. Атап айтсақ, Нұрлан Мұрат, Амангелді Панабердиев, Берікбол Қонаров, Арсен Смайлов, Данабек Балпанов сынды ақындар өз жыр-шумақтарын нақышына келтіре оқыды. Ал, Махамбет Өтемісұлының өлеңін жатқа оқыған Гүлайым Тоқсанбайқызы көпшілікті сүйсінтті.
Кеш соңында аудандық орталық кітапхана директоры Сания Көбеева белсенділік танытқан жастарға ризашылығын жеткізді.
– Бұл – әлеуметтік-мәдени іс-шара. Басты мақсатымыз – өз жұмысымыздың уақыты мен форматын кеңейтіп, кітап оқуды насихаттаудың жаңа жолдарын іздестіру, білім алушылардың мәдени демалысын жаңаша әдіс-тәсілмен ұйымдастыру. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың артқы буынға қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсірепов. Жас буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, кітапты насихаттауда бүгінгі шараның маңызы зор. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды дәстүрге айналдыру жоспарымызда бар, – деді ол.
Сағыныш ҚАЙЫР