Бүгін Исатай ауданында төтенше жағдайдың алдын алу, қауіпті жағдайда жұмылдырылатын техникалардың дайындығын тексеру мақсатында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің және халықтың көктем мезгілі жағдайында төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілеттілігін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының көктем кезеңдегі төтенше жағдайға ден қоюға дайындығын тексеру мақсатында өткізілді.
Алдымен Аққыстау ауылдық округіндегі теміржол вокзалы ғимаратының алдында аудандық азаматтық қорғау қызметінің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ, ауданның тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың күш-құралдар мен техникалардың әзірлігін тексеру мақсатында саптық тұрғызу ұйымдастырылды. «Баршаның назарына» дабылы қосылып, құлақтандыру жүйесі тексерілді. Саптық тұрғызылуға аудан көлеміндегі 10 азаматтық қорғау қызметі, 113 қызметкер және 35 түрлі техника жұмылдырылды.
Іс-шараның алғы сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов бұл аталмыш оқу-жаттығудың маңыздылығына тоқталды.
Өңіріміз бойынша «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық жаттығуын дайындау және оны өткізу екі күнге жоспарланған. Қазіргі уақытта Атырау қаласында Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің қатысуымен командалық оқу жаттығу басталды. Бұл «Көктем-2025» оқу-жаттығуы барысында баршаңызға белгілі республикамыздың көптеген өңірінде орын алған көктемгі су тасқынының биылғы жылы қайталану қаупі бар деген ақпаратына сәйкес, облыс көлеміндегі барлық аудандар дайындық жұмыстарын пысықтауды мақсат етеді. Сондықтан бүгінгі аталмыш шараға баршаңыз да белсенді түрде атсалысады деген ойдамын,-деді ол.
Осылайша аудандық төтенше жағдайлар бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Ғаріпжан Құрманов пен аудан әкім орынбасары Нұрберген Утегенов саптағы азаматтық қорғау қызметінің дайындығын тексерді. Сондай-ақ әрбір құрылым өздеріне тиісті жұмыстарды шұғыл үйлестіруге дайын болу қажеттілігі де саптағылардың қаперіне берілді.
Сағыныш ҚАЙЫР