Исатай ауданында Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай «Жалын» мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Жиында алдымен сахна төріне Мемлекеттік рәміздеріміздің бірі –көк байрағымыз көтеріліп, Қазақстан Республикасының әнұраны шырқалды.
Салтанатты шараның алғы сөз легін алған Исатай аудан әкімі Нұрым ҚБ Мусин құттықтау лебізін білдірді.
-Құрметті жерлестер, ардақты ағайындар, баршаңызды 30 тамыз - еліміздің ұлық мерекесі Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 29 жыл бұрын 30-тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің ата заңы бекітілген болатын. Қай елдің болмасын тұрмыс тіршілігі қандайда бір заң аясында реттелетіні сөзсіз. Осы орайда, елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын заң қабылданған болатын.Осындай аз уақыттың ішінде Қазақстанның Ата заңы заман талабына лайықты екендігін дәлелдеді. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елімен жан-жақты экономикалық саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформаларды жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу бәрі-бәрі ата заң аясында атқарылып жатқан жауапты істер. 1995 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы Конституциямыз бұл – заңнамалық норма немесе ережелер жинағы ғана емес қоғамдағы барлық қарым-қатынастарды реттейтін заңдардан бастау алатын Ата Заңымыз! Бүгінде Конституциямызға сүйене отырып, елдің дамуы үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматтарымыз аз емес, - деді ол.
Сонымен қатар, ел дамуына үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарға Алғыс хат пен гүл шоқтарын тарту етті. Атап айтсақ, Исатай аудандық сотының бас маманы Гүлназ Сариева, Исатай ауданы прокуратурасының прокуроры Жандос Қайдаров, Жанбай шекара бөлімшесінің 3-мобильдік топ бастығы Жарқынбек Есмұханов, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитова сынды сала мамандары марапатталды.
Кезекті марапат легін аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов жалғастырып, Алғыс хатын түрлі саланың озат қызметкерлеріне ұсынды. Олар, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің іс жүргізу бөлімшесінің басшысы Күләш Шаймарданова, Исатай Батыр шекара заставасының мобильдік топ жүргізушісі Қизатолла Исқазиев, аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Равиль Қабиев, аудандық №6 өрт сөндіру бөлімі, бөлімше командирі Баубек Құбиев ыстық ықыласқа бөленді.
Салтанатты шарада аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дамир Фархадов пен аудан әкімі аппаратының жалпы және қаржы-шаруашылық бөлімінің бас маман-есепшісі Айгерім Бақтыгереева сынды жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады.
Осылайша, жиын соңы аудан өнерпаздарының мерекелік сазды бағдарламасына ұласты.