Бүгін Исатай ауданында алғашқы екпе жасалды.
Таңертеңгі сағат 9.00-де вакцина салынған арнайы тоңазытқыш орталық ауруханаға жеткізілді. Білгеніміздей, жалпы облысқа келген 1000 дозадан біздің өңірге 30 доза екпе бөлініпті. Оны бірінші болып, ерікті түрде аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, аудандық бас санитарлық дәрігер Бақытгүл Қартмағанбетова, аудандық аурухана директоры Сәулебай Байжанов алды.
⁃ Бұл "Гам-КОВИД-Вак" вакцинасының бір флаконы 5 адамға салынады. Араға 21 күн салып, 2-кезеңі егіледі. Қазір ауданға 30 доза жеткізілген, - дейді аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сержан Сандыбаев.
– Флакондағы екпе тоңазытқышта -18 градуста сақталады. Сондай-ақ, бөлме температурасында ерітілген дәрілердің жарамдылығы 2 сағат, - дейді маман. Оның айтуынша, екпеден кейін пациент 30 минут бақылауда болады және оған осы аралықта дәрігер қадағалау жүргізетін көрінеді.
Айта кетейік, қазір Ресей вакцинасы салынып жатыр. Екпе жұмысына 4 бөлме дайындалған. Олар - қабылдау, тіркеу, екпе алу және екпе алғаннан кейінгі демалыс бөлмелері. Қабылдау бөлмесінде екпе алушы алдымен сауалнама толтырып, дәрігерлік тексерістен өтеді. Егілгеннен соң пациент демалыс бөлмесінде жарты сағат шамасында дәрігерлік бақылауда болады.
Тағы бір білгеніміз, вакцинациядан кейін 3 күн ішінде тұмауға ұқсас симптомдар болуы мүмкін. Мамандар бұны қалыпты жағдай дейді.
Алғашқы екпе жұмысын газетіміздің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы желі қолданушыларға тікелей эфирде ұсындық. Онда көптеген оқырман екпеге қатысты сұрақтарын қойып, мамандар арқылы жауаптар берілді.
Аудандық мемлекеттік бас санитар Бақытгүл Қартмағанбетова: "Бұл - аты жаман індеттің жолын кесудің бірден-бір жолы" десе, аудандық аурухана директоры Сәулебай Байжанов алдымен өзімізді, қала берді айналамызды қорғау үшін екпе алудың дұрыс екендігін айтып, тұрғындарды әртүрлі негізсіз алыпқашпа сөздерге ермеуге шақырды.
Осылайша ауданға бөлінген 30 доза екпе бас-аяғы бірер сағаттың ішінде ерікті түрде алынып болды. Екпе алушылардан ешқандай кері әсер байқалған жоқ. Айта кетейік бұл жолғы келгені - ресейлік препарат.
- Алда қазақстандық вакцина салынады деп күтілуде, - дейді мамандар.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ