Қоғамдық тәртіп — бұл тек құқық қорғаушылардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Мұны батыр Бауыржан Момышұлы да «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтып кеткен. Исатай ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында маңызды шаралар қолға алынып, өткен жылы аудандық полиция бөлімі жедел профилактикалық іс-шаралар жүргізу арқылы қылмыс деңгейін төмендетуге қол жеткізген.
«Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс», «Қару», «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол», «Есеп», «Учаске» секілді маңызды шаралар да сәтті жүзеге асырылған. Аталмыш іс-шаралар нәтижесінде аудан бойынша қылмыстардың саны 22,4%-ға төмендеп, 67-ден 52-ге дейін азайған. Бұл көрсеткіш – құқық қорғау органдарының тиімді және жүйелі жұмысының нәтижесі. Жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесі аудандағы құқықтық тәртіптің нығаюына және халық сенімінің артуына үлкен әсер етті. Осы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы біз Исатай аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Данияр Бимұхановпен сұхбаттасуды жөн көрдік. – Данияр Бимұханұлы, аудандағы қылмыс деңгейінің азайғаны көңіл қуантады. Дегенмен ауданда қанша құқық бұзушылық тіркелді? Ең жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлері қандай және олардың себебі неде?
– Ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселелердің бірі – алаяқтықтың жиілеуі. Алаяқтықтың негізгі себептері ретінде цифрлық сауатсыздық, халықтың қаржылық мәселелерге бейімділігі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының алдын алу шараларының жеткіліксіздігі аталады. Осыған байланысты полиция бөлімінің басшылығы ауыл тұрғындарымен профилактикалық жұмыс жүргізу бойынша шараларды күшейтуді шешіп, түрлі кездесулер мен БАҚ арқылы түсіндірме жұмыстарын қолға алды.
– Бұл бағытта «Қауіпсіз қоғам» және «Заң және тәртіп» жобаларының маңызы жоғары екені анық. Жоба шеңберінде аудан тұрғындарының құқықтық мәдениетін арттыру үшін қандай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» бағдарламасының бесінші бағыты аясында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарына айрықша назар аудару керектігі баса айтылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру қажеттілігі де көрсетілген. Аталмыш жобалар аясында бірқатар жұмыстар өз кезегімен жүргізілуде. Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Бұл қылмыстың ерекшелігі, алаяқтар өз құрбандарын жақыннан көрмей-ақ, телефон мен интернет арқылы түрлі алдау әдістерін пайдаланып, оларды несиелер мен қарыздарға батырып, қаржылық қиындықтарға душар етуінде. Осы орайда Аққыстау ауылында мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түрлі фото-бейне материалдар таратыла отырып, тұрғындарға ақпарат берілді. Алайда, осыған қарамастан, ағымдағы жылы интернет алаяқтық қылмыстарының саны 60%-ға өскен. Ауданымызда интернет алаяқтық қылмыстарының саны артқанымен, алаяқтардың түрлі әдістері мен айлаларын саралай отырып, олар құрбандарын қалай алдап, қаржыларын иемденіп жатқанын тереңірек түсінуге болады. Алаяқтар әртүрлі жолдармен адамдардың сеніміне кіріп, оларды қаржылық шығындарға ұшыратуда. Бұл бағытта жұмыс тоқтамай, құқықтық мәдениетті арттыру бағытында аталған жұмыстар жалғаса бермек.
– Жастар елдің болашағы деп жиі айтамыз. Ал, қазіргі уақытта аудандағы жастар арасында қылмыс деңгейі қандай?
– Иә, өткен жылы жасөспірімдермен жасалған қылмыс тіркелген жоқ, бұл, әрине, қуантады. Бірақ мұның артында да үлкен жұмыс жатыр. Мысалы сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін көшеде жүрген 329 жасөспірімнің ата-аналарына ескерту берілді. Олар, әрине, балаларының тәртібін қадағалап, түнде үйден шығуына жол бермей, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек еді. Заң бойынша, бұл әрекеттер үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабы 2 бөлігімен хаттама толтырылып, ескерту жасалды. Сонымен қатар, түнгі уақытта рейд жүргізгенде жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында болуы анықталды. Сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін олардың компьютер ойындарында немесе кафелерде болу фактілері тіркелді. Ойын-сауық орындарының иелеріне айыппұл салынып, балаларының түнгі уақытта бұл жерлерде болуына жол берген 5 ата-анаға да айыппұл салынды. Мұндай жағдайлар да ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуді қажет етеді. Балалардың құқық бұзушылықтарын болдырмау үшін ауданымыздағы 16 мектептің оқушылары мен ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысты аудандық білім бөлімі мен прокуратура қызметкерлері бірлесе отырып өткізді. Балалар мен ата-аналарға заңның қатаңдығы мен жауапкершілік туралы түсіндіріліп, алдын алу шаралары туралы айтылды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл шараларға қарамастан ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыру, мопед немесе скутер сияқты көлік құралдарын басқаруға жол беру фактілері орын алды. 19 ата-анаға айыппұл салынды, олар балаларының тәрбиесіне бейжай қарағаны үшін жауапқа тартылды. Жалпы, бұл жағдайлар қоғамның назарын балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне аударуға тиіс. Әрбір ата-ана баласының болашағы үшін жауапкершілікті сезінуі керек.
– Аудан жастарының тәртібін бақылауда ауылдық округтердегі учаскелік инспекторлардың маңызы жоғары екені белгілі. Бұл бағытта жұмыс қалай ұйымдастырылған? Олар құқық бұзушылықтың алдын алуда қандай рөл атқарады және тұрғындармен қарым-қатынастары қандай деңгейде?
– Исатай ауданында жергілікті полиция қызметі бөлімшесінде 13 учаскелік инспектор қызмет етеді. Олар ҚР ІІМ-нің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес жұмыс істейді. Учаскелік инспекторлардың басты міндеті – өздеріне бекітілген аумақтардағы тәртіпті сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Олар жоспарлы түрде тоқсан сайын халық алдында есеп беріп, тұрғындарға құқықтық білім беруге тырысады.
Тұрғындармен байланыс орнатудың заманауи тәсілдерін де қолданады. Мысалы, әлеуметтік желілер арқылы онлайн түрде сұрақтарға жауап береді, ал «WhatsApp» топтарында тұрғындармен тікелей қарым-қатынаста болып, әртүрлі мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Бұл олардың халықпен тығыз байланыс орнатуына және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында олар әртүрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істейді. Мұның бәрі өз кезегінде ауданымыздағы тәртіп пен тыныштықты сақтау үшін маңызды қадам.
– Тұрғындар арасында «Нөлдік төзімділік» саясатын қалыптастыру үшін қандай жобалар мен бастамалар іске асырылып жатыр? Бұл саясаттың аудан бойынша нәтижелері қандай?
– Исатай ауданында «нөлдік төзімділік» саясатын жүзеге асыру бойынша бірқатар нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, учаскелік полиция инспекторлары 1125 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары нәтижеге қол жеткізген. Әсіресе, қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық, масаң күйде жүру, ортақ пайдалану орындарын ластау сияқты құқық бұзушылықтар жиі анықталған. Бұл саясаттың басты мақсаты – қоғамдағы тәртіпті қатаңдату, ұсақ құқық бұзушылықтарға қарсы «нөлдік төзімділік» принципін енгізу. Мысалы, қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық жасағандармен күрес күшейтілген, өткен жылы 43 факт болса, биыл 27 факт тіркелген. Мас күйінде жүргендер саны да 163-ке жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар, профилактикалық шаралар мен тізімдік есепке алынған адамдар саны да артқан. Ағымдағы жылы 165 адам есепке алынған, олардың ішінде маскүнемдер мен бұрын сотталған адамдар да бар. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы «нөлдік төзімділік» саясатының іске асырылуы ауданның қоғамдық тәртібін нығайтуға және азаматтар арасында құқық бұзушылықтарға қарсы түбегейлі көзқарасты қалыптастыруға ықпал етіп отыр.
– Полиция бөлімінің қоғаммен байланысы қалай ұйымдастырылған? Қандай жаңа бастамалар бар?
– Исатай ауданының полиция бөлімі өз жұмысында қоғам өкілдерін тартуды басты бағыт ретінде белгілеген. Полицияның қызметі тек құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, оның алдын алуға да бағытталған. Бұл үшін ауданның әртүрлі қоғам топтарымен тығыз байланыс орнатылып, бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, полиция діни қызметкерлермен, ақсақалдар кеңесімен, кәсіпкерлермен, спорттық ұйымдармен және мәдени орталықтармен бірге жұмыс істейді. Бұл бағыттағы бірегей бастамалардың бірі – діни қызметкерлермен жүргізілетін ынтымақтастық. Діни қызметкерлер полициямен бірлесіп, ауыл мешіттерінде құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізуде. Мешітке келушілермен отбасылық зорлық-зомбылық, спирттік ішімдіктер мен есірткі қолдану сияқты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тәрбиелік уағыздарда айтылып, жұма намаздары кезінде осы мәселелерді талқылау дәстүрге айналған. Ақсақалдар кеңесі де қоғамды тәрбиелеу мен құқықтық түсіндіру жұмыстарында маңызды рөл атқарады. Бұл кеңес құрамында 12-ден астам мүше бар, оның ішінде аудан орталығында 152 ақсақал тіркелген. Олар жастарды дамытуға бағытталған іс-шараларды өткізуге ерекше мән береді. Полиция мен ақсақалдар кеңесі бірлесіп, ай сайын учаскелік полиция пункттерінде қоғамдық маңызды мәселелерді талқылайды. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 40 сұрақ, ауылды таза ұстау, оқу орындарында алкоголь өнімдерін сатуды тоқтату секілді мәселелер қаралды. Ақсақалдардың қатысуымен өткізілген 26 отырыс қоғамның белсенділігі мен бірлігін көрсетеді. Қоғаммен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін полиция цифрлық технологияларды да енгізуде. Қазірдің өзінде республикалық маңызы бар тас жолда жылдамдықты есептегіш екі трафик сканер орнатылған. Сонымен қатар 50 бейнекамералар мен екі бағдаршам орнату және Жедел басқару орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Полиция бөлімінің қоғаммен жұмыс істеуде айтарлықтай жетістіктері бар екені анық. Алайда, қоғамның барлық топтарымен тығыз байланыс орнату оңай емес. Полиция қызметкерлері мен қоғам өкілдері арасында сенім мен түсіністік қалыптастыру үшін уақыт пен күш-жігер қажет. Мұндай жұмыстарды жүргізуде кездесетін қиындықтар көп, бірақ қоғамның белсенді қатысуы мен полицияның ашықтығы, сөзсіз, ауданның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
– Алтын уақытыңызды бөліп, бізбен сұхбаттасқаныңыз үшін бек рахмет. Сіздің атқарып жатқан жұмыстарыңыз бен алдағы жоспарларыңыз ауданымыздың қауіпсіздігін арттыруға зор үлес қосады деп сенеміз. Жұмыстарыңызға толағай табыс тілейміз!
Соңғы 5 жылда алаяқтық бойынша тіркелген құқық бұзушылықтардың саны өзгерді. Яғни 2020 жылы – 7 жағдай, 2021 жылы – 7 жағдай, 2022 жылы 22 жағдай, 2023 жылы – 18 жағдай, ал 2024 жылы 26 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіштер алаяқтықтың қоғамдағы маңызды мәселеге айналғанын көрсетеді.
Осы қылмыстардың түрлеріне нақты тоқталсақ:
- Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасаған алаяқтар несие рәсімдеу үшін қулықпен банк есепшотынан құпия ақпараттар алып, 4 қылмыс жасады.
- Әлеуметтік желілерде кредит рәсімдеу мақсатында 3 жағдай тіркелді.
- SIM карта мерзімінің аяқталуы туралы алаяқтық әрекет нәтижесінде 2 қылмыс орын алды.
- Тарифтерді бұрынғыша сақтау туралы алдау жағдайы бойынша 1 іс тіркелді.
- «WhatsApp» арқылы таныстары болып сөйлесіп, әртүрлі бағытта алданғандар саны – 4 іс.
- Құзырлы орган өкілдері болып алданған – 3 іс (Үкімет үйі қызметкерлері, сот орындаушылары және сот қызметкерлері).
Сұхбаттасқан
Жайна МӘЛІМҚОЖА