Тұщықұдық ауылындағы спорт кешенінде аудандық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында волейбол турнирі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Турнирге ауданның әртүрлі мекемелерінен 8 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрым Мусин және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Серікұлы сөз сөйлеп, әділдік пен адалдық қағидаларын насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Жарыс барысында командалар жеңіс үшін бар күшін салып, көрермендерге қызықты ойын сыйлады. Әр кезең ширақ шабуылдар мен тартысқа толы болды. Нәтижесінде Жанбай БЖСМ командасы турнир жеңімпазы атанып, 250 000 теңге жүлдеге ие болды. Исатай БЖСМ командасы күміс жүлде (150 000 теңге), ал Х.Наубетов атындағы орта мектеп командасы қола жүлде (100 000 теңге) иеленді.
Сонымен қатар, ерекше ойын өрнегімен көзге түскен спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. Ерсайын Жұмағұл («Үздік қорғаушы»), Әділет Пазылғалиев («Үздік жалғаушы»), Ғаділжан Жандәулет («Үздік ойыншы») атанды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын тауып, қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын нығайтуға өз үлесін қоса бермек.
Жұлдыз СЕМБИЕВА