ИСАТАЙ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

 

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай аудан орталығында еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі – мемлекеттік нышандарды ұлықтаған «Мемлекеттік рәміздерім – мақтанышым» атты мерекелік шара өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихаттың төрағасы Аманжол Рахметов, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмудов, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру және Әнұранды орындаумен басталды. Бұл мемлекеттік рәміздерге деген зор құрметтің айғағы болды. Содан соң  аудан әкімі Нұрым Мусин аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, маңыздылығын атап көрсетті.

– Елдігіміз бен егемендігіміздің айқын белгісі – мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Отанның өзі Тудан, Елтаңбадан және Әнұраннан бастау алады. 1992 жылдың 4 маусымы – еліміздің тарихындағы маңызды күн. Осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран туралы заңдарға қол қойып, ресми түрде бекітті. Содан бері бұл күн – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып келеді. Биыл осы тарихи сәтке 31 жыл толып отыр. Мемлекеттік рәміздер – ұлт тарихы мен салт-дәстүрінің көрінісі. Олар – өткенімізді айшықтап, болашағымызды бағдарлайтын басты нышандар. Рәміздер арқылы халқымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Сондықтан бұл күн – барша қазақстандықтар үшін патриотизм мен елдік рухтың мерекесі. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз ұлттық рухты арттырып, жас ұрпаққа отансүйгіштік рух береді. Елтаңбамыз еңселі, Әнұранымыз айбынды, Көк Туымыз көкте мәңгі желбірей берсін! -деді өз құттықтауында.

Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары Айдана Бақытова мен Нұрдәулет Сағидолла патриоттық әндер орындап, шараның рухын асқақтата түсті.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT