Бүгін Исатай ауданында «Мерейлі отбасы-2022» байқау-фестивалінің үздіктері мен жеңімпаздары марапатталды.
Аталған байқаудың жыл өткен сайын мәні артып келеді. Бірлігі жарасып, инабатты ұл-қыздарын тәрбиелеп, айналасына үлгі болып отырған отбасылардың мерейін асыратын байқауға биыл барлығы 9 отбасы қатысып, бағын сынады. Оның ішінде екі отбасы байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алып, олардың екеуі де жүлдегерлер қатарынан көрініп, бірінші және үшінші орынды иеленіп, ауданның мерейін үстем етті.
«Жалын» мәдениет үйінде «Отбасым – бақыт мекенім» атты отбасы күніне арналған мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан қатысушылар мен аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, байқау жеңімпаздарына аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады
Аталған байқау 2013 жылдан бері отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылып, еліміз бойынша бірлігі мен сыйластығы жарасқан өнегелі отбасылар жан-жақты насихатталып келеді. Ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтарына жіті мән беретін отбасылардың мәртебесін асыру – байқаудың басты мақсаты. Байқаудың облыстық кезеңінен І орынды жеңіп алған Балтабек Сағынғали отбасы болса, Бақытжан Шобалаевтың отбасы ІІІ орынды иеленді.
Балтабек Сағынғалидың жары, көпбалалы ана Жанар Қадырова өзі тігіншілікпен, жолдасы мал шаруашылығымен айналысатынын, ұл-қыздарын да әрқашан еңбекке баулып, адал кәсіптен нәсіп табуды үнемі үлгі қылып отыратынын айтады.
-Ұрпағына ұлттық құндылықтар мен ата-әжесінің тәрбиесін бойына сіңіре алатын, елге берер пайдасы бар отбасылардың қатары көбейе берсін,-дейді ол.
#Otbasym2022
Жайна МӘЛІМҚОЖА