Исатай ауданындағы әлеуметтік аз қамтылған, ерекше білімді қажет ететін, көпбалалы отбасы балаларына мобильді планшет берілді.
Мемлекеттің қолдауымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған, ерекше білімді қажет ететін көпбалалы отбасылардың балаларына көмек қолын созу мақсатында Атырау облыстық білім беру басқармасынан Исатай ауданына жалпы саны 240 дана планшет бөлінді.
Бүгінгі күні Исатай аудандық білім беру бөлімі ауданға қарасты 15 мектеп бойынша 13 мектептің басшыларын және мектеп ұжымынан құралған комиссия мүшелерін қабылдап арнайы бөлінген планшеттерді тарату жұмыстарын жүргізді. Аталған шараға «Атырау Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Исатай ауданы бойынша өкілі Ербол Ақтанов та қатысты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева планшеттерді мектеп басшыларына өз қолымен табыстап, оларды таратуды тапсырды.
- Жалпы бұл мобильді планшеттер пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту кезінде туындаған қиындықтарды шешу, соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған, мемлекеттік көмекті керек ететін отбасы балаларына көмек қолын созу мақсатында үлестіріліп жатыр. Мобильді планшеттер мектеп оқушыларына кері қайтарыммен беріледі және акт арқылы арнайы аудандық комиссия құрылды.
Ауданымызға қарасты 15 мектеп бойынша 13 мектептен комиссия құрылып, бүгінгі күні мектептердің басшылары мен комиссия мүшелері планшеттердің жұмыс жасап тұрғандығын тексеріп қабылдап алып жатыр. Әрине, бұл техникалық құрылғылар білім беру саласындағы өзекті мәселелердің түбегейлі шешімі болмаса да, ауданымыздағы көмекке мұқтаж отбасы балаларына білім алу тұрғысында, интернет мәселесіндегі қиындықтарды жеңуге үлкен көмек болып жатыр, - дейді Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева.
Әділбек СЫРЫМОВ