Әлемді шарпыған індет аудан, елді мекендерге де ауыз сала бастағаны жасырын емес.
Көршілес аудандардың жағдайы да көңіл көншітпейді. Индер, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат аудандарының бұқаралық ақпарат құралдары ауру асқынып барады деп дабыл қағуда. Ал ауданымыздағы ахуал қандай деңгейде? Бұл сауалды төтенше жағдай бойынша аудандық жедел штабтың мүшесі, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақтыгүл Қартмағанбетоваға қойған болатынбыз.
- Бүгінгі күнге дейін ауданда COVID-19 инфекциясының неше жағдайы тіркелді?
- Аудан бойынша 21 мамыр мен 15 маусым аралығында 9 жағдай тіркелді. Ал, 18 маусым күні Ерғалиев ауылынан 3 жағдай, 19 маусымда Аққыстау ауылынан 1 жағдай анықталды. Барлығы 13 науқас белгілі болып отыр. Оның ішінде COVID-19 инфекциясының оң нәтижесімен анықталғандар 5-еуі скринингтен өту кезінде, 1-еуі шағыммен, қалған 5-еуі қарым-қатынастағылардан , 2- еуі профилактикалық мақсатта тапсырғандардан анықталды. Анықталған науқастардың 9-ы Аққыстау ауылынан, 4-еуі Х.Ерғалиев ауылынан. Тіркелген науқастар бойынша қарым-қатынастағылардан сынама алынып, Атырау облыстық вирусологиялық зертханасына жолданды.Нәтижесі күтілуде. Исатай ауданы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің " Исатай ауданында COVID-19 коронавирус жұқпасының тіркелуіне байланысты жүргізілетін іс-шаралар туралы " қаулысы қабылданып, үй ошақтарына шектеу жарияланды.
- Індеттің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқырылып жатыр?
- Аудандық әкімдіктің мәліметі бойынша бүгінгі күні барлық ауылдық округ әкімдерінде жалпы саны 62 мың шаршы халық көп шоғырланатын аумаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қосымша 325 литр дезинфекциялық ертінділер және жеке қорғаныс жабдықтары алынып, алдағы уақытта қосымша жұмыстар жүргізу көзделіп отыр. Аудан әкімдігінің өкімі негізінде құрылған мобильді топтар бірлесіп, дәріханаларды, азық-түлік және басқа да тауарлар сатумен айналысатын сауда нүктелерін, басқа да адамдар шоғырланатын белсенді қоғамдық орындар мен мекемелер барлығы 112 нысан тексеріліп, жеке бас қорғаныш тәртіптерімен әлеуметтік ара қашықтық талаптарының сақталуы бақылауға алынды. Елді мекендерде ірі көлемдегі думанды, спорттық, өзге де бұқаралық шараларды өткізуге, сонымен бірге, отбасылық, еске алу шараларының, соның ішінде үйде өткізілуіне және діни нысандардың жұмысына тыйым салынуына орай, жағдай тұрақты қадағалануда.
- Теңіз кен орнынан уақытша жұмыстан босатылған азаматтардың және сырқаттанған адамдармен байланыста болған тұрғындардың денсаулық жағдайы медициналық бақылауға қойылып отыр ма?
- Аталған азаматтардың үй карантиніндегі тәртіптердің сақталуы жауапты мекемелер тарапынан күнделікті қатаң қадағалауға алынды. Ауданда Теңіз кен орынан келген 250 адам есепке алынып, 227 адамның мерзімі аяқталып, бақылаудан түсірілді. Қазіргі уақытта 23 адам карантиндік бақылауға алынған. Күн сайын мүдделі мекемелер мен ауылдық округ әкімдерінен жедел ақпараттар жинақталып, ахуалдар зерделеніп отыр. Қазіргі уақытта жүргізіліп отырған түсінік жұмыстарына қарамастан елді мекендерде түрлі отбасылық шараларды (еске алу, садақа, той т.б.) өткізу фактілері орын алуда. Бұл жағдайлар аталмыш сырқаттың одан әрі өршіп, таралуына себеп болуда. Сондықтан, ауыл тұрғындарын жағдайға түсіністікпен қарап, карантиндік сақтану шараларын қатаң ұстанып, жақын-жуықтарының денсаулығы мен өмірлеріне салғырт қарамауға шақырамыз!
Сұхбаттасқан Аслан МҰРАТҰЛЫ