Исатай ауданында облыс прокурорының орынбасары қоғамдық қабылдау өткізді


Атырау облысы прокурорының орынбасары Ғалымжан Тілеубаевтың тұрғындармен өткізген қабылдауына аққыстаулық Айдана Шамеденова бала жастан мүгедек баласының операциядан кейінгі күтіміне қаржылай көмек сұрады.

Айтуынша, оған қажетті құралдар қомақты қаржыны керекті етеді. Өз кезегінде Ғалымжан Тілеубаев аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқановтан қаржылай жәрдемдесуді ұйымдасытыруды сұрады. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин кейбір қолданыстағы заңдарға өзгерістер еңгізуді, атап айтқанда «мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы комиссия, өздері мердігерлердің жұмысын қадағалаушы болса» деген ұсынысын айтты. 

-Еліміз бойынша көтеріліп келе жатқан мәселенің бірі -  мемлекеттік сатып алудың заңдылықтарын жетілдіру.  Жеңімпаз мердігерлер кей жағдайда келісілген жұмыстарын тиісті деңгейде атқармайды, тіпті, кейбір жұмыстар орындалмай қалып жатады, айта берсе, тендердің төңірегінде мәселе көп. 
Бұдан бөлек, ұрпақ тәрбиесіне байланысты мәселеде ата-ана, ұстаз және бала үштігінің бірлесіп атқаратын жұмысындағы кемшіліктерге байланысты өзгеріс қажет.  Бала тәрбиесін тек мектеп мұғалімдеріне жүктеп тастауға болмайды, мәселе туындағанда бәріне тек ұстаздар қауымын жауапты қылу жөнсіз,  бұл жерде әр тараптың да, яғни ата-ана, бала, ұстаздың нақты жауапкершіліктері анық көрсетілуі тиіс,-деді ол.

Сонымен қатар қабылдауда болған Аққыстау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай Сыдихов итті атуға байланысты өз көзқарасын айтты. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар сауал жолдаған Қазақстан фермерлер одағының аудандағы өкілі Самат Есенов азаматтық орталық арқылы ұйымдастырылатын аңшылық жолдамасын берудің тиімсіз жақтарын сөз қылды.
-Қазіргі тәртіп бойынша жолдаманы кім көрінген ұтып алады. Қолында заңды тіркеуде мылтығы бар адам болса, болғаны. Ал, қасқыр аулап жатқан кісі жоқ. Кәнігі аңшылардың қолы байлаулы, малшының малы итқұстың ауызында кетуде,-дейді.  
Сонымен қатар, қырдағы шаруагерлердің малдарын округ орталығына әкелуде қиыншылықтар бар екенін, екі ортада құжат сұрап, айыппұл салып жатқандар барын жеткізді. Бұл жерде де заңды бұзбай, бірақ жұмысты ұйымдастыру, жетілдіру керектігін атады. 
Қабылдауда тұрғындардың мұң-мұқтаждарын тыңдаған облыс прокурорының орынбасары құзырлы органдар арқылы мәселенің шешімін табуға жәрдемдесетін айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT