Исатай ауданында оқушылар арасында көркемсөз байқауы өтті

Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. 1990 жылы 25 қазанда Республиканың жоғары кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдады. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің жолына түсті. 


Бұл әрбір қазақстандықтың, соның ішінде жастардың жадында жүрер жайттар. Республика күніне орай «Қазақстан – Республикам менің» тақырыбында оқушылар арасында өткен көркемсөз сайысын өткізу де осыған байланысты болды. Мақсат - жастар арасында еліміздің дербестігін, тәуелсіздігін насихаттау, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін анықтау, қазақ тіл білімі мен әдебиетіне деген құштарлығын арттыру, өлең сөздің құдіретін түсіне білуге үйрету, жас буынның тарихи танымын, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен өмірге көзқарасын қалыптастыру.
Аталған сайысқа жалпы білім беретін Аққыстау орта, Абай атындағы және Өркен орта мектептері оқушылары қатысып, өзара сынға түсті. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы С.Шагиров, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі М.Жауынбайқызы және аудандық музей меңгерушісі Г.Жұбанова төрелік жасаған сында қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар анықталып, сайыс қорытындысы бойынша Ерболат Еркеназ (Абай атындағы орта мектебі),  Ғабитқызы Алена (Аққыстау орта мектебі) және Дәуренқызы Аягөз (Өркен орта мектебі) алғыс хаттарға ие болса, сайыстың ІІІ орыны Мәдиева Ағжан (Абай атындағы орта мектебі), ІІ-ші орыны Махамбетқызы Ақниет (Аққыстау орта мектебі) І орыны Шағыр Саянаға (Өркен орта мектебі) бұйырды. Сайыстың бас жүлдесін Абай атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Қуаныш Қарақат жеңіп алды. 
Барлық қатысушыларға музей әкімшілігі атынан дипломдар мен кітаптар сыйға берілді. 

Гүлназ ҚАБДРАХМАНОВА,
 аудандық музейдің қор сақтаушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT