Исатай ауданында Президент Жолдауы талқыланып, нақты міндеттер айқындалды

 

Бүгін Исатай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Оған аудан әкімі Нұрым Мусин төрағалық етті.

Алқалы басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері мен жастар қатысты. Бұл басқосу ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжаттың негізгі бағыттарын талқылап, жергілікті деңгейде жүзеге асыру жолдарын нақтылауды мақсат етті.

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин Жолдаудың мазмұнына тоқталып, оның маңыздылығын атап өтті. 

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде халыққа жолдаған сегізінші Жолдауы – елді жаңа өркениеттік сатыға көтеруге бағытталған құжат. Әсіресе, цифрландыру бағыты – болашақтың кілті. Ақпараттық қоғамнан жасанды интеллект дәуіріне қадам басып отырған тұста еліміз уақыт талабына сай шешім қабылдап отыр,-деді ол.

 

 

Келесі сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов бір палаталы Парламент енгізу бастамасын еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі деп бағалады. Оның пікірінше, бұл өзгеріс заң шығару үдерісін жеңілдетіп, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады.

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп директоры Жасұлан Алипов білім саласындағы жаңа мүмкіндіктерге тоқталды. «Жолдауда жасанды интеллектті білім беру ісіне енгізу мәселесі ерекше аталды. Бұл – мұғалім еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, әр оқушыға даралап оқытуға жол ашады. Бүгінгі оқушы – ертеңгі бәсекеге қабілетті маман. Сондықтан бұл бағыт біз үшін өте өзекті»,-деді ол.

 

 

Ал аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулова денсаулық сақтау жүйесіне қатысты жаңашылдықтарды қолдайтынын жеткізді. Ол медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдердің емделушілер үшін қолжетімділік пен жеделдікті қамтамасыз ететініне сенім білдірді.

Жиынға қатысушылар өз салалары бойынша пікір білдіре отырып, Жолдауда айқындалған міндеттерді орындау – баршаның ортақ ісі екенін айтты. Әсіресе, жастар жаңа дәуірдің сын-қатерлерін қабылдап, оны мүмкіндікке айналдыруға дайын екендіктерін жеткізді.

 

 

Кеңес соңында аудан әкімі Нұрым Мусин Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда Исатай ауданы да белсенділік танытатынын атап өтті. 

–Бүгінгі Жолдау – ел ертеңін айқындайтын тарихи құжат. Оның әрбір жолында халқымыздың болашағы мен мемлекетіміздің дамуы жатыр. Біз де осы жауапкершілікті сезініп, нақты істермен іске асыруға тиіспіз,-деді ол.

Жалпы кеңейтілген жиында Жолдаудың негізгі бағыттары талқыланып қана қоймай, оны орындаудың нақты тетіктері айқындалды. Аудан жұртшылығының елдік істерге бейжай қарамай, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуге дайын екенін көрсетеді.

 

 


Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT