Күні кеше ауданда волейболдан жасөспірім қыздар арасында республикалық турнир өтті. Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен бұл дода нашақорлыққа қарсы акция аясында өтті.
Алаңға еліміздің әр аймағынан яғни Шымкент қаласы, Ақтөбе және Атырау облыстарынан келген спорт мектептері мен қалалық спорт клубтарының 13 командасы шықты. Жалпы 130-дан астам спортшы қатысқан жарыс қызу тартысқа толы болды.
Дәл осы тартысты ойынның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан сөз алып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, турнирдің тәрбиелік әрі қоғамдық маңызын атап өтті.
– Бүгінде аталмыш акция аясында жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың қабілетін ашып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын турнирге қатысатын командалар саны артып, ойыншылардың шеберлігі арта түсуде. Біз үшін ең қуаныштысы – сол өсіп келе жатқан толқынның арасынан үздіктердің бой көрсетуі. Бұл – тынымсыз еңбектің, сенім мен спортқа деген махаббаттың нәтижесі,-деді ол.
Сөз соңында Нұрғайша Халидоллақызы жуырда ғана волейболдан спорт шеберлігіне үміткер атанған Ж.Мырзағалиев орта мектебінің оқушысы Гүлдана Мерейді арнайы атап, оған Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Айта кетейік, Гүлдана – аудан тарихында әйелдер мен қыздар арасында волейбол спортынан спорт шеберлігіне үміткер атанған алғашқы жас спортшы.
Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл республикалық турнирдің дәстүрге айналарына сенім мол. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы жылдары да жарыс жыл сайынғы тұрақты спорттық шара ретінде жалғасын табады. Командалар арасындағы бәсекеде шын мықтыны анықтау үшін тартысты ойын өрнегі өрбіді. Жеребе арқылы бөлінген құрамалар спорттық сергектікпен, шебер тактикалармен және алаңдағы сауатты қозғалыстарымен көрерменнің де, төрешілердің де ықыласына бөленді.
Алаңда допты қабылдап, дәл соққылармен қарсыласын қапы қалдырған жас спортшылардың ішінен Исатай ауданының намысын қорғаған қыздар да ерекше көзге түсті. Үйреншікті ортада, өз жанкүйерлерінің қолдауымен олар батыл әрі сенімді ойын көрсетті.
Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде Атыраудан келген «Junior клубы» командасы жүлделі үшінші орынды иеленсе, туған жердің намысын қорғаған «Исатай ауданы» құрамасы екінші орынға тұрақтады. Ал он екі қарсыласын артқа тастап, жеңіс тұғырынан көрінген атыраулық «БЖСМ-5» командасы турнирдің бас жүлдесіне лайық деп танылды.
Жеңімпаз ұжымдарға кубоктар мен медальдар табысталып, үздік ойын көрсеткен волейболшылар арнайы номинациялармен марапатталды. Бұл — олардың тек алаңдағы емес, өмірдегі де алғашқы үлкен жеңістерінің бірі екені сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР
Суретті түсірген: Әсел ТАБИҒАТОВА