Исатай ауданында шайбалы хоккейден ашық турнир өтті

Оқушылар арасында өткен турнирді Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің қолдауымен өткен жарыс жас хоккейшілердің шеберлігін шыңдап, спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.

"Спорт – нашақорлыққа қарсы” ұранымен Аққыстау ауылы Қаратүбек мұз айдынында өткен додаға Аққыстау, Өркен, Новобогат, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп командалары және көршілес Махамбет ауданынан келген “Алимай” командасы қатысты. Мұз айдынындағы қызу тартыс жанкүйерлерді бейжай қалдырмады.

 

Турнир айналмалы жүйе бойынша өтті, яғни әр команда бір-бірімен толық ойын өткізді. Шеберліктерін паш еткен хоккейшілер әр матчта жеңіске деген ұмтылысын көрсетіп, айдын төрінде нағыз спорттық бәсекелестіктің үлгісін көрсетті.

 

Жалпы есеп бойынша Махамбет ауданынан келген “Алимай” командасы әдемі ойын өрнегін көрсетіп, турнир жеңімпазы атанды. Аққыстау орта мектебі екінші орынды иеленсе, үшінші орынды Новобогат және Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп командалары бөлісті.

 

Жеңімпаз командаларға арнайы медальдар мен кубоктар табысталып, үздік ойыншыларға аудандық полиция бөлімі атынан естелік сыйлықтар тарту етілді.

Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ауданымыздағы хоккей спортының дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтардың еңбегі зор болды. Олардың төрешілік етуі, мұз айдынын дайындауы мен жарысты ұйымдастыруға қосқан үлесі жас спортшыларға шынайы бәсекеге толы жарыс өткізуге мүмкіндік берді.

Бұл турнир тек жарыс қана емес, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызы зор шара болды. Жеңімпаздарды құттықтай отырып, алдағы уақытта хоккей спортына деген қолдау мен қызығушылық арта береді деп сенеміз!

 

Марат ЖҰМАБЕКОВ,
Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT