Исатай ауданында соңғы қоңырау соғылды

Бүгін Исатай ауданының барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Соның бірі Тұщықұдық ауылдық округіндегі Ж.Мырзағалиев атындағы  орта мектепте «Сәт сапар саған, Жас түлек» атты 11 сынып мектеп бітірушілерінің соңғы қоңырау мерекелік шарасы болып өтті деп хабарлайды "Naryn tany" газеті.

Оған ардагер ұстаздар, педагогтар,  бастауыш сынып оқушылары, ата-аналар, 20,50 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер  жиналды.

Салтанатты жиында алаңға Қазақстан Республикасының Туы әкелініп, Әнұран шырқалды. Аудан әкімі Полымбет Максимұлы Хасанов құттықтау сөз сөйледі.

-Құрметті биылғы жылы мектеп бітірушілер, ардагер ұстаздар, ата-аналар, оқу жылын аяқтағалы тұрған сынып оқушылары,  ағалар мен апалар! Бүгін күллі әлемде балаларды қорғау күні аталып өтуде. Бұл бізге ел болашағы өскелең ұрпақ қолында екенін тағы бір мәрте еске салады. Бүгін сондай-ақ 11 жыл бойы тәлім-тәрбие берген ұстаздардың еңбегінің жемісі болып саналатын жас түлектердің мектеп қабырғасынан шығып, үлкен өмірге қадам басардағы қуанышты күні. Бұл-алтын мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын, жастар үшін ең бір қымбат, ең бір қимас, ең бір ұмытылмас жүрек тебірентерлік күн. Яғни бүгін 11 жыл оқыған достарыңызбен, ұстаздарыңызбен, мектептеріңізбен қоштасқалы отырсыздар. Биыл оқу жылын ауданымыз бойынша 286 оқушы аяқтағалы отыр.Оның 265-сі ұлттық бірыңғай тестіге қатысып, өз бақтарын сынамақшы. Соған қоса мектеп бітіруші түлектеріміз ішінен 9 оқушымыз «Алтын белгі», 6 оқушымыз «Үздік аттестат» иеленіп отыр.Осы орайда осындай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген түлектерге шынайы алғысымды білдіремін. Жеткізген жоғарғы жетістіктеріңіз құтты болсын! Сонымен қатар алдағы ұлттық бірыңғай тест мен емтиханда жақсы көрсеткіштерге жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін!-деді ол.

Бұдан кейін аудан әкімі бір топ оқушылар мен мектеп бітіруші түлектерге Алғыс хаттарын табыс етті. Одан әрі аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева,  Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің директоры Жасұлан Алипов құттықтау сөз сөйлеп, биылғы оқу жылын үздік бітірген оқушылар мен ата-аналарды дипломмен, алғыс хаттармен ұлығылады.Сондай-ақ салтанатты жиында сөз сөйлеген бұдан 20,50 жыл мектеп бітірген түлектерде өздерінің шынайы ізгі тілектерімен бөлісті. Шара соңы мектеп бітірушілердің «Соңғы қоңырау» әнімен аяқталды.

                                                                                    Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521