Аққыстау ауылдық округіне қарасты Өркен ауылының батыс бетіндегі теміржолға жақындау жағында Нарын өңірінің перзенті, Ұлы Отан соғысының майдангері, Ембінің Мартыши кен орнын игерушілердің алғашқы ардагері, мұнайшы, атбегі Құрман Керейұлы Сиықовтың биыл туғаына 100 жыл толуына орай ұрпақтары оған арнап ас берді. Осы ас беру кезінде ардагер мұнайшының ұрпақтары ас аясында бірінші рет біздің ауданымызда көкпар ойынынан жарыс ұйымдастырды. Жарысқа Атырау қаласынан, Махамбет, біздің ауданнан 3 команда, 32 ат қатысты.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, сағат 10.30-ға көкпар ойынын қызықтаушылар қатары көбейе берді. Алаңның жан-жағынан қауіпсіздік шаралары жасақталды. Киіз үйлер тігіліп, асқа келген қонақтарға құрмет көрсетілді. Алдымен аталған шараға байланысты Аққыстау ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Тақаев, аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімдерінің басшысы РинатЕсқали, Қанат Құрманұлы, мұнайшы Насыр Дауылбаев, құдасы Жұмажан Бермағанбетов және тағы басқалар сөз сөйлеп, тұңғыш рет ауданымызда өткізіліп жатқан көкпар ойынына қатысушыларға сәттілік тіледі. Ағайындары Көбей Исмагулов бата беріп, ата рухына құран бағышталды.
Бұдан кейін жұрттың көңілі көкпар тартушылардың ойынына қарай ауды. Бірінші рет ауданымызда болып жатса да, кілең еңгезердей атқа мінген көкпаршылардың қай-қайсысы да көкпар ойынына сақадай сай екендері анадай жерден көрініп тұрды. Көп ұзамай алаңда «Достық», «Құлагер» «Сарайшық» командаларының арасындағы көкпар тарту ойыны тартысы басталып та кетті.Төрешілер белгі бергеннен құйындатқан жуан білекті, сом жүректі жас жігіттер серкені бірінен-бір жұлып алып, қазандыққа қарай құстай ұшып барғанымен қарсылас команда да намысты қолдан бермей, біразға дейін екі жақта да қазандыққа салымды тастау оңайға түскен жоқ. Былайша айтқанда, бір-бірін біразға дейін ала алмай, тең түсіп жатты. Өйткені қай команданың да құрамы мықты көкпаршылардан құралған «сен тұр, мен атайындар» деуге болады Тек соңғы жағында ғана алдыңғы орындарға талас кезінде «Сарайшық» командасы «Құлагер» командасын 5:1 есебімен жеңіп, бірінші орынға ие болды. Ал «Құлагер» командасы екінші орын алса, «Достық» командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп Құрман ата ұрпақтары бірінші орынға 400 000 теңге, екінші орынға 300 000 теңге, үшінші орынға 200 000 теңге ақшалай сертификаттармен салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ Құрман атаның шөбересі Райымбек Сатыбалды «Ең жас палуан» , Жансейіт Бердеш «Ең үздік салымшы», Алмаз Амангелді «Ең қорғаушы палуан», Мырза Бисламбектің «Баракат» атты «Ең үздік ат» номинациялары үздік шығып, мадақтамалармен марапатталды.
Бұдан кейін көкпар ойыны жаппай салым салу додасына жалғасты. Ортаға шыққан көкпаршылар жаппай дода да өздерін күшті екендіктерін байқатты. 32 ат қатысқан жаппай додада ауыр серкені лақша бауырына көтеріп алып, желдей ызғыта қазандыққа салу тек мықтылардың қолынан келеді-ау. Көзді ашып-жұмғанша Бекзат, Жансейіт, Нұриман, Ақылбек, Әнуар, Бауыржан секілді көкпаршылар топ арасынан сытылып шығып, жарыстың көрігін қыздыра түсті. Бірінен кейін бірі Құрман ата ұрпақтары дайындаған ақшалай сыйлықтарға ие болып жатты.
«Өгіз өлді» сайысына да барлық команда қатысып, тайды «Сарайшық» командасының шабандозы, 1990 жылы туған атыраулық Айтуар Ұлықпанов жеңіп алды. Тайды шабандозға Құрман ата немересі Асхат Серікұлы табыс етті. Бір қызығы тайға басқан таңбасы А-90 болып шықты. Қандай сәйкестік десеңізші!
Ас беру шарасы келесі күні Аққыстау ауылының орталығындағы «Бегайдар» мейрамханасында жалғасты. Бұған қатысқан Құрман атаны көрген, жұмыстас болған замандастары, құдалары, достары, мұнайшылар, ағайын-туыстары, немере-шөбере, жиендері, ұрпақтары ата туралы «От ішінде өшпеген ғұмыр» атты кітабының тұсаукесерінің куәсі болды. Кітаптың тұсауын Исатай ауданының Құрметті азаматы, «Ембімұнайгаз» басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин кесті. Ас беруде ата туралы көптеген мағыналы естеліктер айтылды, құдалары Бақытжан Жұбанов, Абат Хайруллин, Нәсіпқали Хайрушев, ардагер мұнайшы Қуанышкерей Жұмағалиұлы, нағашысы Ахат Нұрмұханов, ата ұрпақтары Қанат Құрманұлы Сиықов, Нәсіп Құрманқызы, күйеу баласы Ишанғали Құзайырұлы, келіні Нурия Ғинаятқызы, немересі Асхат Серікұлы, жиені Маржан Көбентаева, шөбересі Райымбек Сатыбалдыұлы сөз сөйлеп, отбасылары атынан асқа қатысушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Құрман ата Керейұлы Сиықов 1923 жылы Нарынқұмындағы Төретүскен шағылының етегіндегі, шеген қыстауда 1923 жылы дүниеге келген. Балалық шағы да жоқшылық пен аласапыран жылдармен тұспа-тұс келді. Жас кезінен Бисенбай ағасының қасында бейнет пен зорлықты көріп өскен. Балық тресінде аңшы, балықшы болып жұмыс істеген. Он сегіз жасында Ұлы Отан соғысына аттанған. Тұтқынға түскен. Бірақ Мұстафа Шоқайдың арқасында тұтқындықтан босап шыққан. Алайда елге келгенмен Құрман атаны алда қысы қатты Сібір жері күтіп тұрды. Мұнда қорлықтың неше түрін көріп, 1950 жылы елге аман-есен оралады. Кейін бала-шағалы болып, ұрпақ өрбітіп, бақытты ғұмыр кешеді. Ата қандай қиындықтарға да ешқашан мойыған емес. Адал, әділ болды. Қара еңбектің торысы атанды. Туған жерінің көркеюіне елеулі үлес қосты. Шетте жүргенде орыс әйеліне үйленіп, одан екі қыз сүйді. Сол қыздары әкесін іздеп, күйеулерімен бірге 2016 жылы осы Исатай ауданына келіп, әке-шешесіне құран бағыштап, осындағы ағайын-туыстарымен танысқан. Өте тәрбиелі, білімді, ақылды, парасатты болып өскен атаның ұрпақтары қазіргі кезде түрлі лауазымды қызметтерде еңбек етеді. Бәрі де қазақшаға судай болыпты. Міне, тағдырдың тәлкегімен бейнет пен азап кешіп, қайда жүрсе де, адами қасиетін жоғалтпаған Құрман Керейұлы атамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен өнегесі осындай болды.
Аяпберген САЛИХОВ