Исатай ауданында тұңғыш болып көпбалалы ана дауыс берді

Исатай ауданында әкім сайлауында тұңғыш болып алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Гүлсім Өтешова өз таңдауын жасады. Елімізде қанатқақты жоба ретінде өткізіліп жатқан аудан басшысын сайлау Аққыстау ауылдық округіндегі Өркен елді мекеніне қарасты №140 сайлау учаскесінде таңғы сағат 7.00-де ерекше көңіл-күймен басталды. Дауыс беруге бірінші болып келген көп балалы анаға жаңадан шыққан «Жол бойындағы ауыл» кітабы табыс етілді.

 №140 сайлау учаскесінің төрағасы Лора Мұхтарованың айтуынша, учаскеде 1174 дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде, 17 мүгедектігі бар азаматтардың төртеуі арбаға таңылған болса, тоғызының көз кемістігі бар, төртеуінің есту қабілеті нашар. Ал, үйден дауыс беруге өтініш білдіргендерге комиссия мүшелері түстен кейін барады. Негізінен, Қаратүбек, Өркен елді мекендерінің тұрғындарын қамтитын учаскеге вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқан «Гран» кен орнының қызметкерлері де келіп, өз таңдауларын жасады. Бүгінде саяси науқанға қатысуға 15 вахталық қызметкерден өтініш түскен.

Жалпы, тәуелсіз мемлекетімізде болып жатқан түрлі деңгейдегі сайлауға қатысып жүрміз. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы. Өзіміздің сайлау учаскесінің ұйымсдастыруымен бірінші болып келген дауыс берушіге өз ауданымыздың тұрғыны Мәди Өтеғалиевтың кітабын табыс еттік. Ал, ең жас сайлаушыға маңызды сәттерін қағаз бетіне түсірсін деген ниетпен қойын дәптер сыйламақпыз. Ең бастысы, бұл сайлау ашық, әділетті қоғам құруға жасалған нақты қадам болары сөзсіз,-дейді сайлау учаскесінің төрағасы Лора Мұхтарова.

Аудан әкімін сайлауға тұңғыш рет таңдауын жасаған Гүлсім Өтешова жаңадан сайланатын басшыдан зор үміт күтеді. «Жаңа әкімнен жақсы реформалар күтеміз. Кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен толық танысып шықтым. Оның үстіне, екеуі өз ауылымыздың азаматтары. Проблемалық мәселелерін жетік біледі»,-дейді ол.

Айбөпе САБЫРОВА,

Суретті түсірген: автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521