«Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Ермұханов Нарын құмының бір қабатын жайлаған жеке шаруалар мен шаруа қожалықтарын аралады» деп хабарлайды «Нарын таңы».
Ауданның бас шаруагерінің айтуынша, осы жылдың қыстағына 23 мың 913 бас мүйізді ірі қара, 32 мың 792 бас қой-ешкі, 23 мың 426 бас жылқы, 1 мың 47 бас түйе түліктері түскен. 11 мың 886 бас аналық мүйізді ірі қараның бүгінде 11 мың 286-сы бұзаулаған. Ал қой-ешкінің 98 пайызы қозы-лақ ертсе, түйе мен жылқы малы жүз пайыз төлдеген.
«Далбын шағылы» қонысында отырған «Есенғалиева А» шаруа қожалығының басшысы Ақтолқын Есеналиева қозы-лақтың алды қоймен бірге өріске шығатын болып қалғанын айтады.
– Қыстан аман-есен шығып жатырмыз. Қолдағы малымызды төлдетіп, өсіріп-өндіріп отырған жайымыз бар. Аудан әкімшілігіне де рахмет, ісімізге қолдау көрсетіп, қожалық құруымызға да көмектесіп, кеңестерін беруде,-дейді ол.
Шаруа адамдарының қай-қайсысы да биылғы қыстақ барысының жайлы өткеніне риза. Ауданның көпшілік шаруа қожалықтары негізінен Айбас, Мыңтөбе, Үштаған, Сасықтау, Қаштай, Бекайдар, Үшқызыл, Есқали, Қызыл үй, Шәуіптен, Жасқайрат елді мекендерін жайлап отырған жайы бар.
Қазір құм өңірінде шөп ерте көтеріліп, жайылыс молайғаны бірден аңғарылады. Сол себепті шаруагерлердің де алды жайлауға көшіп үлгеріп жатыр. Солардың бірі - Үшқызылдағы мекеніне ерте жайлауға көшіп барып, орналасып алған «Әбишев Ж» шаруа қожалығы. Қожалық иелігіндегі алты жүз бас аналық қой түгел төлдетіліпті.
– Малымыз төлдеп болды. Әрі қарай қырықтық науқаны басталып, жалғасып жатыр. Жаз жайлау дейміз, күздік дейміз, мал азығын дайындауымыз бар, алдағы қысқа дейін күйбең тірлік көп. Шүкір, жақсымыз,-деді аталған қожалық жетекшісі Жұмабек Әбишев.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР