Коронавирустың алдын алу шараларын жүзеге асыру мақсатында Исатай ауданы әкімдігі жанынан құрылған жедел штаб мүшелері жұмысын бастады.
Осы ретте аудан кәсіпкерлерімен түсінік жұмыстарын жүргізіп, індетті бірлесіп жеңу мақсатында бір мәміледе болу аса маңызды. Сол себепті де штаб мүшелері алғашқы түсіндіру жұмыстарын аудан кәсіпкерлеріне жүргізді.
- Биылғы 1 қаңтардағы статистикалық мәліметке сәйкес аудан бойынша жұмыс жасап тұрған 1609 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 242-сі қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлік нысандар болып табылады. Оның ішіндегі үш ойын клубына жарияланған Төтенше жағдай режиміне сәйкес жұмыстарын тоқтату ескертілсе, 14 мейрамхана иелері қазіргі уақытта төтенше жағдай мерзімі аяқталғанға дейін жергілікті тұрғындардың той, ас беру және т.б. отбасылық шараларын қабылдаудан бас тартып жатыр. Сонымен қатар, кафе және мейрамханалар жұмысы кешкі сағат 22.00-ге дейін шектеледі, келушілер саны 50 адамнан аспауы қажет, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов.
- Түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған мобильді топ кәсіпкерлік нысандарды, тасымалдау жұмысымен айналысатын таксилер тұрақтарын аралап, нұсқаулықпен таныстырады және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді ескертті, - дейді бөлім басшысы. Сондай-ақ ол азық-түлік дүкендері, супермаркеттер мен базарлар санитарлық-эпидемиологиялық және дезинфекциялық шараларды күшейтумен қалыпты режимде жұмыс жасай беретіндігін, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерін сату тек қапталған түрде жүзеге асырылатындығын жеткізді. Бөлім басшысының айтуынша, киім-кешек сататын базарларда, кәсіпкерлік нысандарда санитарлық және дезинфекция шараларын күшейте отырып сағат 11.00-17.00 аралығында ғана сауда қызметі жүргізілетін болады.
Тағы бір ескерте кететін жайт, Төтенше жағдай режимі уақытында аталған нұсқаулықтар сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамасына сәйкес жауапты тұлғаға әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылатын болады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден