Исатай ауданында төрт ауылға тас жол төселеді

Бұл жайлы Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев аудандық «Нарын таңы» газетіне берген сұхбатында баяндады. «Атырау-Астрахан» бағыты бойынша айналма жолдарды әзірлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бұл жолдың біздің ауданға қатысты бөлігі - 162 шақырым, осының ішінде айналма жол - 15 шақырым. Жалпы күрежолдың толық құрылысы 2022 жылы бітеді деп жоспарланған, оның ішінде біздің ауданға қатысты бөлігі 2021 жылдың аяғында аяқталады деп күтілуде, - дейді аудан басшысы.

Аудан әкімі Аққыстау ауылының ішкі жолына жасалатын жөндеу жұмыстары жайын да айтып өтті.

j

- Аққыстау ауылының жалпы 24,5 шақырымдық ішкі жолын жөндеу жұмыстары да басталып жатыр. Әзірге қаржылық мүмкіндіктерге сәйкес 8,2 шақырым жол төселе береді. Алайда, бір басталған жұмыс орта жолдан тұрып қалмау үшін тиісті қаржы көзін қарастыра отырып жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңмен жалғастыра береміз. Осыған дейін бұл жұмыстарды бастауға ауылішілік кәріз жүйесінің құрылысы қолбайлау болып келсе, қазіргі кезде кәріздің жолға қатысты бөліктерінің құрылысы бітті, енді жолды бастауға ешқандай кедергі жоқ, - дейді Марат Мурзиев.

Сондай-ақ аудан әкімі Жанбай ауылына 9,5 шақырым, Исатай ауылына 8,6 шақырым, Тұщықұдық ауылына 8,9 шақырым ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстарының да таяу арада басталатынын жеткізді. Сонымен қатар, құрылысы былтыр басталып, жартылай салынып біткен Нарын ауылындағы 12 шақырымды құрайтын ауылішілік және кірме жолының қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталатын атап өтті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT