Халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан орталығында республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Акция барысында аудандық полиция қызметкерлері тұрғындардың толғандырған сауалдарына жауап берді.
Акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қоғамдық және жол қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мәселесі бойынша тұрғындарды ақпараттандыруға және құқықтық білімдерін жетілдіруге, сондай-ақ көші-қон заңнамасын түсіндіру. Осыған орай, ауылдастар көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. «Жолда қабылдау» акциясы бұған дейін де бірнеше рет өткізілді. Тұрғындар жол қауіпсіздігіне, қылмысқа қатысты толғандырған сауалдарын қойып, көптеген мәселе бойынша мамандардан бағыт-бағдар ала алды. Акция барысында жол көлік оқиғасына, жол ережесіне, жылдамдықты арттыруға және бағдаршамдар мен тиісті жол белгілерінің қоюлуына қатысты сұрақтар қойылды. Сонымен қатар шетелдік автокөліктерді тіркеу бойынша көптеген азаматтар тұшымды жауаптарын да алды. Аталмыш акцияға аудандық жедел-жәрдем қызметкерлері де бірлесе қатысқан болатын.
- Акцияның тұрғындар үшін маңызы зор. Себебі, жүргізушілер көкейкесті сұрақтарының нақты жауабын ала алды. Акция қарқынды түрде өткенін тұрғындардың белсене қатысуынан-ақ топшалауға болады. Оған қоса азаматтар өз ұсыныс пікірлерін де білдірді. Сұрақтардың басым бөлігі жол құрылысының қашан аяқталатыны және жол белгілерін орнату мен шетелдік автокөліктерді тіркеуге байланысты болды. Сол себепті де «Жолда қабылдау» акциясы жиі ұйымдастырылады. Өз тарапымыздан тұрғындар сауалына заң шеңберінде жауап беріп, бағыт көрсете білдік, – дейді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Мақсот Амангерейұлы.