Исатай ауданындағы провизорлық стационарда 19 науқас ем алып жатыр

Күні бүгін Исатай ауданындағы провизорлық стационарда 19 науқас ем алып жатыр.

Оларға 2 дәрігер, 3 мейірбике, 3 санитарка қызмет көрсетуде. Ол туралы аудандық орталық аурухананың директоры Сәулебай Байжановтан сұрап білдік.

– Қазіргі жағдайда ауыртпалықтың басым бөлігі дәрігерлерге түсіп отырғаны белгілі. Ауданымыздағы ахуал да көңіл қуантарлықтай емес. Осындай сәтте медицина қызметкерлеріне сын көп айтылып жатады. Керісінше, індетпен күресте жанқиярлық еңбек етіп жатқан оларға қазіргі уақытта халықтың қолдауы қажет. Тек қана дәрігер емес, орта, кіші буын қызметкерлердің бәрі бірдей аты жаман аурумен арпалыста жан аямай тер төгіп жатыр, - дейді аудандық орталық аурухананың директоры Сәулебай Байжанов.

Басшының айтуынша, ауру жұқтырып жатқандардың қатарында медицина қызметкерлері де бар. Ал, инфекция анықталған ақ халаттылар оқшауланады, яғни, жұмысқа қосыла алмайды. «Пневмониямен ем алып жатқан 19 науқастың 7-еуінің жағдайы ауыр. Дәрігерлеріміз бар білігі мен білімін салып тер төгіп жатыр. Олар өз тәжірибелерінен бөлек Атырау қалалық инфекциялық ауруханамен байланысып, жансақтау бөлімі мамандарынан жағдайға байланысты онлайн кеңестер алып, сол бойынша әрекет етуде» дейді аудандық аурухана директоры. Сондай-ақ ол мамандарға бір реттік киімдер мен қорғаныш құралдарының жетіспеушілігін де жасырмады.

Жақында жанашыр азаматтар бастама көтеріп, дәрігерлердің керек-жарақтарына жәрдемдескелі жатыр деп естідік. Ауыл азаматтарының бір сәттік көмегі медецина қызметкерлерінің бар түйткілін түбегейлі шешіп бере қоймас. Дегенмен, қай жаудың да бетін қайтаратын ең үлкен күш елдің бірлігі екені белгілі. Ендеше індетке қарсы күресте жұдырық болып жұмылмаса болмайды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521