Исатай ауданының әкімі ардагерлерге құрмет көрсетті

суреттер автордікі

 

Қазан айының алғашқы күні елімізде Қарттар күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке – қарттарға құрмет пен ілтипаттың белгісі ғана емес, әрбірімізге өткенімізді қастерлеуді, болашағымызға ой салуды үйрететін ерекше күн. Осыған орай кеше Исатай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округтер әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жастар қатысты.

 

 

Алдымен аудан әкімі Нұрым Мусин қазыналы қарттарға өзінің ізгі тілегін жеткізді.

– Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қарияға құрмет көрсету – ұрпақ тәрбиесінің басты қағидасына айналды. Елдің бірлігін ойлаған, елдіктің ұйытқысы болған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орны әрдайым биік. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп халық бекер айтпаған. Өйткені қария – даналықтың, өмірлік тәжірибенің, адамгершілік пен парасаттылықтың қайнар көзі. Ел бірлігін сақтауда, жастарға тәлім беруде, әділдікті орнатуда қариялардың орны ерекше,– деді ол өз сөзінде.

 

 

Сондай-ақ шара барысында ардагерлер еңбегі де елеусіз қалмады. «Ел ағасы» алтын төсбелгісімен Танабай Меңдіғалиев марапатталды.

 

 

Ал еңбек ардагерлері Самат Қабделов пен Құрманғали Мұхтаров, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептің және Новобогат орта мектебінің автобус жүргізушілері Құрамыс Рахметов пен Бектұрған Шарапиденов аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.

 

 

Мерекелік кеште аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов атынан аппарат басшысы Айбек Нұрлыбеков  бір топ ардагерлерге Алғыс хатын табыстады.

 

 

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де сөз алып, ардагерлерге көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, кезекті марапатын легін жалғастырды.

 

 

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ардагерлер қауымы көтеріңкі көңіл күйге бөленді.  

 

 

Ал шарада құрметке риза болысқан қарттар ақжарма тілектерін ақтарып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.

 

 

Осындай игі шаралар – үлкенге деген құрметтің, кішіге деген өнегенің айқын көрінісі. Қарияны ардақтау – болашақты бағалау екенін ұмытпайық.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT