2025 жылдың 3 қазанында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес Исатай ауданының полиция бөлімінің бастығы қызметіне полиция подполковнигі Умбеталиев Манарбек Гадилбекұлы тағайындалды.
Манарбек Умбеталиев 1985 жылы 13 шілдеде Атырау облысы, Атырау қаласында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. 2006 жылы Қазіргі Гуманитарлық академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылы еңбек жолын Атырау қаласындағы ҚР ІІМ училищесінің тыңдаушысы болып бастаған.
Кейінгі жылдары ол ішкі істер органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2007-2010 жылдары Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл болып еңбек етті. 2010-2014 жылдары №1 қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі қызметін атқарған.
2014-2016 жылдары Атырау облыстық ПД криминалдық полиция басқармасында аса ауыр қылмыстарды ашу жөніндегі топтың аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі болып қызмет етті. Ал 2016 жылдан бастап басшылық құрамға көтеріліп, Құрманғазы ауданы ПБ-де криминалдық полиция бөлімінің бірінші орынбасары, кейін осы бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Одан кейінгі кезеңде ол ҚР ІІМ Атырау облысы департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл бағыттарында еңбек етіп, 2024 жылы Криминалдық полиция басқармасының бесінші бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
Полиция подполковнигі Манарбек Умбеталиев Ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Е.ЗИНЕДЕН