Исатай ауданының әкімі қанша еңбекақы алатынын айтты

«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Cыбайлас жемқорлық біз үшін емес» акциясын қолға алды.

Аталған акцияны Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев те қолдайтынын жеткізді. Бұл туралы Исатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Онда аудан әкімі сыбайлас-жемқорлыққа қарсы екендігін айтып, мемлекеттік қызметшілердің тұрғындар алдындағы ашықтығы, өзінің бұрынғы және қазіргі жалақысы да баяндалған.

«Акция мақсатында көрсетілгендей, мен өзімнің аудан әкімі ретіндегі айлық табысым жыл басында 370 929 теңге болса, қазіргі мемлекеттік қызметшілердің табысының көтерілуіне орай 741 858 теңге көлемінде еңбекақы алатынымды айтқым келеді. Сонымен қатар, қолданыстағы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларына сәйкес, аудан әкімімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілер арасында заңсыз іс-әрекет анықталған жағдайда, бірінші басшы ретінде лауазымымды босатуға дайынмын» дейді аудан әкімі.

Аудан басшысы мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұмысының ашықтығы мақсатында ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, жақын күндері халыққа қызмет көрсетуде ыңғайлы орта қалыптастыру үшін «Ашық әкімдік» кеңсесі ашылады. Ол жерде тұрғындардың мәселелері бойынша әр бөлімнің маманы қажетті кеңес беріп, қызмет көрсетпек.

«Аудан әкімінің де ашық есік күндері осы кеңседе ұйымдастырылатын болады. Тұрғындарға қолжетімді ақпарат беру үшін аудан әкімдігі ғимаратының бірінші қабатынан фронт офис ашу да жоспарлануда» дейді Марат Мурзиев.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521