Исатай ауданының әкімі құм өңірінде болды

Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиев Нарын құмы өңіріндегі Айбас учаскесінде болып, шаруа қожалықтары мен тұрғындардың хал-жағдайларымен танысты.

Қатқыл мен жиек бойына қарағанда, құмның бұл бөлігіндегі жайылыс жаман емес. Шаруа адамдарымен кездескен аудан әкімі ежелден төрт түлік мал қоныстанған өңірде шаруагерлердің мемлекеттік қолдауларды пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарына ризашылық білдірді. Бақтығали Ибрашевтың қыстағында болған жиында шаруагерлер күнделікті өмірде көңіл бөлуді қажет ететін кейбір мәселелерді айтты.

- Құм өңірінде жерасты суы жылдан-жылға азайып, тартылып барады. Сондықтан бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары қажет деп ойлаймын, - дейді шаруа қожалығының басшысы Ғафу Есенғалиев.

Ал, Бақтығали Ибрашев болса: - Дүзгін өсімдігі Айбастың шет жақтағы жайылыстарында көбейіп барады. Ол шөптің шығуына да кері әсерін тигізеді. Қасқыр аулауды күн тәртібінен түсірмеу керек, -деген ұсыныс-пікірін ортаға тастады.

- Құм өңірінде де электр энергиясымен қамту оң шешіле бастады. Шағын технологиялы жабдықтар әр үйде бар деуге болады. Телеком мамандары телефон байланысының қалыпты жұмыс істеуіне мерзімді көңіл бөліп тұрса, - деді Телжан Макаримов.

Сапар барысында «Әп, бәрекелді!» дегізер жайттар да кездесті. Таңатар Сабиров басқаратын шаруа қожалығының мүшелері қуанышты болып жатыр екен. Құмдағы ауылға интернет жүйесі келіп, waifai арқылы тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік туыпты. Оған жақын қоныстанған Санат Тәтеков те үйіне интернет орнатып алған.

Шаруаны шашыратпай отырған өңірде заман талабынан қалыспауға ұмтылғандар баршылық. Осындағы Есенгелді Жұбаев пен Өтеп Құбаханов шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстарын қолға алғанын білдірді.

Аудан әкімі М.Мурзиев жаңадан құрылған шаруа қожалығының бастамасымен танысты, шаруагерлерге ауыл шаруашылығын дамыту жобаларын субсидиялау қағидасына сәйкес белгіленген қайтарымсыз қаражаттарды алудың тәртібін, алға қарай мал тұқымын асылдандыру, мал өнімдерін өңдеу жобаларына басымдық беріліп отырғанын түсіндірді. Шаруагерлер көкейіндегі сұрақтарына да жауаптар алды.

Айбасты аралаған бұл сапарында аудан әкімімен бірге аудандық мәслихаттың депутаты А.Аманбаев, аудан әкімінің орынбасары Е.Әбілхасымов, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі М.Өтеғалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов болды.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521