Жақында Исатай ауданының бас имамы Шалхар Дәулетханұлымен сұхбаттасқан едік.
- Әссаламуғалейкум. Рамазан айы да аяқталды. Биылғы ораза қалай өтті. Елдегі эпидахуал құбылып тұрғанын білеміз. Карантиндік шектеу шаралары оңай тимеген шығар?
- Уағалейкумассалам! Иә, Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айын да тамамдадық. Айтуыңыз орынды, елдегі ахуал тұрақтала қойған жоқ. Дегенмен, бұл жамағатымызға да, құлшылық-ғибадатымызға кері әсерін тигізді деп айта алмаймыз. Әрине, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан атамыз айтқандай, заң бәріне ортақ. Сол себепті мемлекеттік бас санитардың қаулысына сәйкес әрекет еттік. Бірақ, Аллаға шүкір, санитарлық талаптарды сақтаған күйде жамағат намаздарына рұқсат берілді. Одан бөлек, айдың соңғы бөлігінде қаулыдағы өзгеріске сәйкес әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып мешіт ауласында жұма, тарауық намаздарын оқу нәсіп болды.
- Рамазан – құлшылық айы. Әсіресе, бұл айда садақалар жиі беріледі. Хадистердің бірінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) осы айда ерекше жомарт болатындығы айтылған. Бұл бағытта мешітімізде қандай іс-шаралар атқарылды?
- Бұл айда мешітімізде көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Рамазан Құран түскен ай болғандықтан, жамағатқа «Құран оқу ережелері», «Құран оқу қағидалары», «Ұстаз бен шәкір арасындағы байланыс» атты діни кітаптардың 150 данасы таратылды. Сонымен қатар 130 жағдай төмен отбасыға азық түлік себеттері үлестірілді. Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасыға 55 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
Рамазан айының қасиетін сезіндіріп, сәбилерімізді қуанту мақсатында 40 балаға тәттілер сыйладық. 450-ге жуық адамға ауызашар қоржыны таратылды. Оған 1 ірі қара малы мен 5 қой сойылғанын да айта кеткен жөн болар.
- Бұл айда әр жыл сайын арнайы қарилар келіп Құран хатым ететін. Бұл жолы қалай болды?
- Айтуыңыз орынды, жылда қарилар келіп тарауық намазында Құран хатым етілуші еді. Өкінішке орай, санитарлық талаптарға сай тарауық намазына соңғы онкүндікте ғана рұқсат етілді. Дегенмен, мешітімізге Атырау облысы, Доссор кентінің тумасы жас қари бауырымыз келіп, намаздан тыс уақытта Құранды бастан-аяқ оқып, қасиетті айдың соңғы күні, яғни кеше жамағатпен хатым дұғасы жасалды.
- Қадыр түнін қалай қарсыладыңыздар?
- Жағдайға байланысты күнделікті жамағатпен құптан, тарауық намаздарын өтеп, дұға қылдық. Әдетте бұл күні мешіт маңына жиылған жұрттың қарасы қалың болатын. Бұл жолы олай болған жоқ. Елдегі ахуалды біліп, түсіністік танытқан ағайынға бек рақмет. Бұл күні де қолдан келгенінше игі амалдарымыз жалғасты. Ел бірлігі, тыныштығы үшін жамағатпен дұға тіледік. Сондай-ақ, перзенттік пейілімізді білдірсек деген оймен 40 анаға сый-құрмет көрсеттік. Айт күні сәбилерге тәттілер тараттық.
- Әңгімеңізге рақмет.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ