1-мамыр Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы және Қазақстан халқының бірлік күніне орай Исатай ауданында көптеген мәдени-спорттық шаралар өтті. Соның бірі облыстық алыптар сайысы аудан төрінде алғаш рет өткізілген ерекше жоба.
Аталмыш сайыс – салауатты өмір салтын насихаттайтын көп сайысты турнир.
Шаршы топқа түскен жауырыны қақпақтай саңлақтардың қай-қайсысы да жүлдеден үмітті болды. Алай да, шын мықтылар ғана сыннан сүрінбей өтіп, көптің көзайымына айналды.
Білекті батырлар сайыстың 4 түрі бойынша күш сынап, оған облыс пен аудандардан арнайы келген 10 палуанымыз бақталасты. Сонымен қатар, өзіміздің аудан намысын қорғаған қос жерлесімізге ауыл тұрғындары ыстық қошыметпен қолдау танытып, ерік-жігерін қайрап отырды.
Атап айтсақ олар гір тасын көтеруден облыс, қазақстан, әлем жүлдегері Айбол Шаймарданұлы мен Гір тасын көтеруден Спорт шеберіне үміткер, Битцип көтеруден ҚР-ның спорт шеберіне үміткер Нұрқуат Умаров қатысты.
"Күш - атасын танымас" дегендей кешегі заманда қара күштің иесі атанған әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ бабамыздың ізін жалғаған нар тұлғалы дарабоздарды көріп, көңілге қуаныш сыйлады.
Көрермен, әсіресе, осы алыптар сайысы өтіп жатқан маңға көп жиылған.
Олар әуелі дарабоздар 1 минутта 141 кило тасты 10 метр қашықтыққа апаруға бекінді. Яғни мұнда жұп-жұмыр тасты кім алыс қашыққа апарса, сол – жеңімпаз. Әрі қарай 80кг гір тасын көтеру, одан қала берді көлік сүйреу секілді сайыс шартын әркім шама-шарқынша орындай білді.
Алыптар сайысын бас төреші Сергей Гридгиин қазылық етіп, бағалады. Әрине, тартысты турнирді тамашалауға келген көпшілік қол күресінің шеберлері мен зілтемір көтеруден шыныққан оғландар жекелеген сайыстарда алдына қара салмайды деп топшыласа керек. Алайда аламанның ерекшелігі сол, тек төрт сайыс бойынша топ жарғандар ғана жүлделі болды.
Нәтижесінде атыраулық Досқали Досқалиев 3- орын иеленсе, қызылқоғалық Ришат Галиахметов 2-орын еншіледі.
Ал құрманғазылық палуанымыз Ерсейіт Бралин барлық сыннан рекорд орнатып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Аталмыш сайысқа қатысушыларға Исатай аудан әкімі Нұрым Мусин жылы лебізін білдіріп, жеңімпаздарға арнайы дайындалған белбеумен, теледидар тарту етті.
Сондай-ақ қатарынан қалыс қалмай, барлық кезеңдер бойынша бақталасқан мақаттық Амандық Қаулабаев, атыраулық Ильяс Сулейменов, Мұрат Серікұлы, Әділбек Айткужин, Сергей Крылов, исатайлық Нұрқуат Умаров пен Айбол Муханбетов алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Сағыныш ҚАЙЫР