- Исатайлық тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі тозығы жеткен ауылішілік электр желілері еді.
Биыл бұл мәселе толығымен шешіліп, құрылыс жұмыстары аяқталатын болады. Осы мақсатқа 6,5 шақырымдық желіні жаңарту үшін 136 миллион теңге қаржы бөлініп, игерілуде, - деген округ әкімі Асылан Ғұбаш әр кездері қызмет атқарған ауыл әкімдерінің жүйелі жұмыстарын одан әрі де ақсатпай жалғастыратынынын жеткізе келе, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
А.Ғұбаштың сөзінше, Исатай ауылында кіші спорт кешенінің және 100 орындық балабақша құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама сараптамасының оң қорытындысы алынып, тиісті қаражат сұратылып қойылған. 200 орындық мәдениет үйі құрылысының да жобасы жасалып, енді сараптама қорытындысы күтілуде. Бұйырса, алдағы жылдар еншісіне арналған осы жұмыстар сәтімен жүзеге асса, бұрыннан да халқы бейәдеп әдеттен аулақ, береке орнаған ауылдың шырайы кіріп, мерейі тасымақ.
Жалпы, ауылда 18 адам кәсіпкерлікпен айналысып, 2 тойханасы, 6 дүкені, 1 техникалық қызмет көрсету орны бар шағын ауыл мал шаруашылығын да ойдағыдай дамытып отырған өңір. 8 шаруа қожалығы мен халық иелігінде 1190 мүйізді ірі қара малы, 4120 бас ұсақ мал, 338 жылқы және 690 түйе бар. Қолдағы мал басын асылдандыру мен түрлендіру жұмыстарымен «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша «Айжан Адилова» және «Қанат» шаруа қожалықтары айналысуда. Өткен жылы аталған екі қожалық осы мақсатқа бюджеттен 1 миллион 200 мың теңге субсидия алған. Қосымша 3 қожалық қуаты 3-4 кВт болатын күн панельдері электр стансылары, су көтеретін сорғы құрылғыларымен қамтамасыз етілді. Жыл сайын көктем, күз кездерінде тал-теректер алынып, әлеуметтік нысандар ауласына және жеке тұрғын үйлерге егіліп жүр.
Баяндамашы есебінен соң сөз алған аудан әкімі Марат Мурзиев ауылдық округ әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, ауыл әкіміне бір орында тұрып қалмай, ел игілігі үшін одан әрі күш-жігермен, жалынмен жұмыстана беруді тапсырды.
Ал, жарыссөзде сөз алған ауыл тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойып, жаңа ұсыныс-пікірлерін де білдірді. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Қадіржан Көпбергенов жергілікті дәрігерлік амбулатория жұмысына алаңдаушылық білдіріп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісін сынаса, Айдолла Нұрсапин аудан көлемінде ауыз су тәулік бойы тоқтамайтын ауыл тек Исатай екенін айтып, ендігі кезекте ауылішілік жол салынса деген тілегін жеткізді. Жеңіс Қарабалин жасанды жол кедергісі керек десе, Данагүл Ерланқызы жаңа типтегі балабақша салуды тездетуді сұрады.
Аслан МҰРАТҰЛЫ