«Исатай жастары» – зияткерлік сайыстың жүлдегері

 

Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және «Жәрдем Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Жастар үні – жаңа ғасыр лебі» атты зияткерлік сайыс өтті.

Білім мен тапқырлықты сынға салған бұл додаға облыстың 6 ауданынан және қала жастары арасынан жасақталған 7 команда қатысты. Сайыс барысында қатысушылар ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сондай-ақ қазақ халқының тәрбиелік құндылықтарына байланысты түрлі сұрақтарға жауап беріп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Исатай ауданынан қатысқан «Исатай жастары» командасы өз білімдері мен белсенділігін танытып, көптің арасынан суырылып шықты. Құрамында Данабек Бапанов, Алтынай Садыкова, Нұрсұлтан Мұхамбетқалиев және Бекзат Қуандықов пен Медет Насихатов бар команда ерекше дайындықтарының арқасында жүлделі ІІ орынға ие болып, сыйақымен марапатталды.

 

 

–    Сайыс жастар арасында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттап қана қоймай, олардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру, имандылық пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында өтті. Осы ретте жастардың ұлттық болмысты сақтап, оны болашаққа жеткізуі үшін осындай шаралардың маңызы зор,-дейді команда жетекшісі, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мухитова.

Сондай-ақ, Венера Асқарқызы жастардың зияткерлік қабілетін шыңдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаhарман Мусаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге, дәстүр мен тарихқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

 

Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT