Исатай ауданында жастар ресурстық орталығы және белсенді ерікті жастардың ұйымдастыруымен ауыл жастарын қолдау және жастардың белсенділіктерін арттыру мақсатында "Исатай жастарының ауылдық округтердегі күндері" жобасы бастау алды.
- 12 ақпан күні Исатай ауылдық округінен бастап, Зинеден, Нарын, Жанбай ауылдарында болып, онда түрлі тақырыпта семинар-тренингтер, интелектуальды ойындар өткізіп, бастысы 200-ден астам ауыл жастарының ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Кездесулерде жастар арасындағы кейбір проблемалық тақырыптар бойынша спикерлер өз ойларымен бөлісіп, өмірден түйген инсайдтарын ортаға салды. Негізгі тақырыпқа арқау болған бағыттар бойынша қазіргі таңда жастармен жасалатын жұмыс, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану, дұрыс тамақтану, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласу, ерікті болудың ерекшелігі, мамандық таңдау, отбасы құндылықтары бойынша спикерлер өздерінің зерттеулері бойынша сөз сөйледі. Ендігі кезекте 18-ақпан күні Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтерінде еркін форматтағы кездесулер жалғасын табатын болады, бізге қолдау білдірген аудандық әкімдікке, білім бөліміне, ауылдық округтерге жастар атынан алғысымыз шексіз, - дейді Исатай аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ринат Набидоллаұлы.
Жоба аясында округтерге алғаш рет шыққан топ құрамында мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, ЖОО студенттері, мектеп оқушылары, басқа салада қызмет ететін мамандар бар екен.
Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА