Ауыл – қазақтың тамыры, тірегі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауылдық аймақтардың орны ерекше. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдың әлеуетін арттыру, ондағы маман тапшылығын шешу мақсатында қолға алынған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы – жас маманға бағыт, елді мекенге серпін берері сөзсіз. Ауданымызда бұл бағдарлама 2009 жылдан бастап табысты жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 327 маман көтерме жәрдемақы алып, 109 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттен жеңілдетілген кредит берілген. Бұл ауылға ат басын бұрған жас маманға мемлекет тарапынан жасалған нақты қамқорлық десе де болады.
Мемлекет тарапынан қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы – ауылдық аймақтарды білікті кадрлармен қамту және жастарға қолдау көрсету бағытындағы маңызды бастамалардың бірі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерге келген денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешен мен мемлекеттік қызмет салаларындағы дипломы бар мамандарды қолдап, ынталандыру. Ауылдық жерге бет бұрған жас маман осы бастаманың аясында екі түрлі әлеуметтік көмекке ие бола алады. Атап айтқанда, біржолғы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік кредит қарастырылған. Бұл – ауылда тұрақтап, еңбек етуге бекінген жас маман үшін үлкен мүмкіндік.
Бұл туралы бізге аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Рауан Бисен тарқатып айтып берді. Ол 2024 жылдан бастап жеңілдетілген кредит көлемі ұлғайғанын тілге тиек етті.
- Енді ауылдық елді мекенге келген маман 2000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни шамамен 7,38 миллион теңге көлемінде несие рәсімдей алады. Ал аудан орталығына бет бұрған маман үшін бұл сома 2500 АЕК-ке дейін, яғни 9,2 миллион теңгеге жетті. Мұндай несиенің артықшылығы – жылдық мөлшерлемесі бар-жоғы 0,01% ғана, әрі өтеу мерзімі – 15 жылға дейін. Сондай-ақ біржолғы көтерме жәрдемақы көлемі де жыл сайын артып келеді. 2025 жылы бұл сома 393 200 теңгені құрады. Жүйе де жаңарды. Бұрын бұл қызмет түрін алу үшін маман жергілікті әкімдікке барып, құжат тапсыруы тиіс еді. Қазір барлығы электронды жүйе арқылы жүзеге асады. 2020 жылдан бері құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен eGov.kz порталы арқылы қабылдана бастады. Ал 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап бұл салада «Отбасы банк» негізгі оператор болып бекітілді. Қазір өтініш беру процесі толықтай otbasybank.kz платформасы арқылы жүргізіледі. Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында бұл бағыттағы жұмыстарды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ атқарып келген болатын, – дейді жауапты маман Рауан Бисен.
Аталмыш бағдарлама – мемлекет пен жас маман арасындағы өзара сенімді көпір. Ауылдық өмірге қадам басқан әрбір жас маман тек жаңа жұмыс орнымен шектелмей, әлеуметтік тұрғыда қолдауға ие болып, туған жердің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
Сондай-ақ мамандардың айтуынша «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда.Өткен жылы 4 маман тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Оның ішінде 1 маман ауылдық елді мекенге, ал 3 маман аудан орталығына қоныстанды. Сонымен қатар жыл ішінде 15 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы берілді. Бұл қолдауға ие болғандардың қатарында 6 білім беру, 4 ветеринария, 1 спорт және 5 денсаулық сақтау саласының мамандары бар.
Бағдарламаның игілігін көргендердің бірі – Орал өңірінің тумасы, бүгінде Тұщықұдық ауылында тұратын математика пәнінің мұғалімі Гүлжанар Ермекқызы. Ол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Тұщықұдық ауылына тұрмысқа шығып, сол ауылдың мектебіне жұмысқа орналасқан.
Жалғасы газеттің №26 (4239) санында
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ