Исатай аудандық білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен аудандық Ұлттық мектеп лигасының ресми ашылу салтанаты өтті.
Бұл Ұлттық мектеп лигасына Исатай ауданының әкімі Нұрым Бекежанұлы, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы,аудандық мәслихатының төрағасы Аманжол Идеятоллаұлы, жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдаулет Серікқалиұлы, Жанбай БЖСМ-нің басшысы Руслан Бақтығалиұлы, Исатай аудандық маслихат депутаты, «Барыс» спорт клубының директоры Асхат Жұмабекұлы және де ардагер ұстаздар қатысты.
Шараның ашылу салтанатты жиынында алғы сөз легін алған Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин бұл лиганың маңызы мен ерекшеліктерін атап өтіп, қатысушы оқушыларға сәттілік тілеп, ауданның намысын да асқақтатып, жоғары дәрежеде көрсететініне сенім білдірді. Сонымен бірге, келесі сөз кезегін алған Аманжол Идеятоллаұлы мен ардагер ұстаздар да өздерінің ізгі тілектерін білдіріп аудандық кезеңнен сүрінбей өтіп, облыстық кезең бойынша мектеп абыройын асқақтатуға тілектестігін білдірді.
-Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, мектеп жасындағы оқушыларды спортқа баулу арқылы жасөспірімдер қылмысы, діни экстремизм сияқты зиянды әрекеттерден спорт арқылы көңілін аулай отырып, патриотты ұрпақ тәрбиелей аламыз,- дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік,бұл жарыс қараша айынан бастап, сәуір айына дейін жалғасады. Бұл кезеңде 5-6, 7-8 және 9-11 сынып оқушылары арасындағы ұлдар мен қыздар спорттың 11 түрі бойынша 43 жарыста өз шеберліктерін көрсетіп, бабы мен бағын қатар сынайтын болады.