Сарыала күздің берекелі күндері елорда тұрғындары үшін ерекше тарту жасады. 20–21 қыркүйек аралығында Астана қаласында Атырау облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қала тұрғындарына Каспийдің дәмін, Жайықтың ырысын ала келді.
Бұл дәстүрлі шараның басты мақсаты – елорда жұртшылығын экологиялық таза әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ету, сонымен қатар өңірдегі жергілікті тауар өндірушілерді қолдау.
– Жәрмеңкеге облыстың барлық аудандары атсалысып отыр. Мәселен, Исатай ауданы қала тұрғындарына сиыр, түйе және жылқы етін, сондай-ақ Каспий теңізінен ауланған балық пен одан дайындалған өнімдерді ұсынып отыр, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов.
Жәрмеңкенің ерекшелігі – өнімдер делдалсыз, тікелей ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сатылуда. Бұл бағаның қолжетімді болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтынушылар үшін өнімнің сапасына деген сенімді арттырады.
Атырау өңірінің байлығы тек мұнай-газ саласында ғана емес, табиғатынан дарыған дәмі бөлек, нәрі мол азық-түлік өнімдерінде де айқын көрініс табатынын елорда жұртшылығы осы күндері тағы бір мәрте сезінді. Сөрелерде самсап тұрған балықтың түр-түрі, жаңа сойылған ет, сүт өнімдері мен қолөнер бұйымдары – барлығы ауылдың тынысын, туған өлкенің дарқанын елестеткендей.
Астаналықтар үшін мұндай жәрмеңке – ауылдың иісін аңсатып, табиғи өнімге деген сұранысты қанағаттандыратын қуанышты оқиға. Ал жергілікті шаруалар үшін – еңбегін елге танытып, табысын еселей түсетін тиімді мүмкіндік.
Елорда төрінде өтіп жатқан Атырау жәрмеңкесі – ауыл мен қаланың арасын жалғап, қазақстандықтардың бірлігін бекемдей түскен игілікті шара болды.
Еркебұлын УӘЛИТХАН