Спорт күні мерекесіне орай аймақтың алдыңғы қатарлы спортшылары облыс әкімінің алығыс хатымен марапатталды.
Кеше облыстың жоғары деңгейлі спортшылары кәсіби мерекелері қарсаңында облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Олардың арасында індетпен күрес барысында қол күштерін аямай, ақ халаттыларға жәрдемдескен қайырымды, ерікті спортшылар да бар.
Облыс спортшыларымен бірге Исатай ауданының мақтанышы, Азия, ел чемпионы, әлемдік бәсекелерде атой салып, деңгейлі додаларда абыройымызды асырып жүрген жауынгерлік самбодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының қызметкері Еркебұлан Қуанғалиевтың болғаны да көңіл қуантты.
Айта кетейік, Еркебұлан биылғы жауынгерлік самбодан өткен Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынып, Азия, әлем біріншіліктерінің жолдамасын қанжығалаған болатын. Алайда, құрлық, әлем чемпионаттары әлемді жайлаған індетке байланысты кейінге шегерілді.
- Ересектер арасында ел чемпионы атанған Еркебұлан құрлық және әлем біріншіліктеріне жолдама алды. Одан кейін де ірі турнирлерде жеңімпаз атанды. Азия чемпионаты қыркүйек айында Индонезия елінде, әлем біріншілігі қараша айында Ашхабадта өтеді деп жоспарланғанымен, бұл бәсекелер індетке байланысты, кейінге қалдырылды. Дегенмен, шәкіртіміз өз бабында, қай додаға да сақадай сай, - дейді чемпионның бапкері Асхат Жұмабеков.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ