Ауданымыздың мақтаныштары ересектер арасында әлемнің күміс жүлдегері Еркебұлан Қуанғалиев пен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Абылайхан Мейрамбекұлы жақында ел біріншілігінде бақ сынайды.
Былтыр ғана Сербия елінде абыройымызды асқақтан қос палуанымыз Қазақстан чемпионатында жаңа салмақта өнер көрсететін болады. Ол туралы спортшылардың бапкері «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабековтен білдік. Асхаттың айтуынша, бұған дейін клубтың спорт нұсқаушысы 52 келі салмақ дәрежесінде биік белестерді бағындырған Еркебұлан биылғы Талдықорған қаласында өтетін біріншілікте 58 келіде белдеспек. Сондай-ақ, осы жарыста Абылайхан да ересектер арасында бағын сынап көреді. Семейде өтетін жастар арасындағы ел чемпионатына да жолдама алып қойған.
«Барыс» клубының қос шәкірті, облыстық іріктенуден бірінші орынға ие болған Ерболат Дулат пен екінші орын еншілеген Елеусін Айсұлтан да ел біріншілігінде топқа түсетін болады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ