Исатайлық балуан – ел чемпионатына жолдама алды

 

Мамырдың 22-24 күндері аралығында Атырау қаласында қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасында өткен облыстық іріктеу біріншілігі балғын палуандар үшін үлкен сын алаңына айналды. 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер қатысқан бұл жарыс – алдағы шілдеде елордада өтетін Қазақстан чемпионатына апарар жалғыз жол. Сондықтан да боз кілемдегі әр белдесу, әр ұпай – баланың ғана емес, бапкердің де, туған топырақтың да намысы болды.

Облыстың алты ауданы мен Атырау қаласынан жиналған 180-ге жуық спортшы 12 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Дәл осы жерде жас жүректер дүрсілдеп, боз кілемнің үстінде болашақ чемпиондардың алғашқы ізі қалды. Жарыстың әр сәтінде – қайсарлық, әр белдесуде – табандылық сезілді. Бұл – тек жарыс емес, қазақ күресінің рухын сақтап, жас буынға аманаттайтын маңызды алаң.

 

 

Солардың қатарында Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де болды. Олар тек қатысып қоймай, жүлделі орындардан көрініп, аудан мерейін үстем етті. Мектеп-гимназияда білім алатын Артур Сырлыбайұлы 46 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, облыс чемпионы атанды. Бұл жеңіс – оның талпынысының, бапкері Лесов Азаматтың ерен еңбегінің жемісі. Енді Артур шілде айында Астана төрінде өтетін Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайды. Бұл – әр палуанның арманы, әр жаттықтырушының мақсаты.

Қазақ күресі – тек спорт емес. Бұл – тәрбие, табандылық, төзімділік мектебі. Жеңіске жету үшін бала күнінен басталатын қажырлы еңбек пен мінез керек. Атырауда өткен іріктеу жарысы осының айқын дәлелі болды. Әр ауданның, әр ауылдың намысы сынға түскен аламанда исатайлық өрендердің жарқырай көрінуі – аудан спортындағы үміт отын тұтатты.

 

 

Жас палуандардың жеңісі – бүгіннің ғана емес, болашақтың жетістігі. Бұл – олардың күрес жолындағы алғашқы белесі ғана. Алда әлі талай додалар, тартысты белдесулер, бұйырса – ел чемпионаты мен халықаралық аламандар тұр.

 

С.ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT