Исатайлық балуандар ел чемпионатынан олжалы оралды

18-21 мамыр күндері Талдықорған қаласында джиу-джитсудан жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында Қазақстан чемпионаты болып өтті.

 Еліміздің түкпір-түкпірінен әр өңірдің кіл мықты деген 600-ге жуық балуаны іріктеліп қатысқан байрақты бәсекеде исатайлық спортшылар да нәтижелі өнер көрсетіп, аудан, қала берді облыс абыройын асқақтатты. 

Атап айтқанда, Жантөре Дүйсен, Нұртілек Шұғыпан, Дархан Мұхсимат, Шыңғыс Жұмабай және бұрымды балуандар Аружан Махмудқызы мен Асылзат Нұрланқызы бозкілем төрінде лайықты белдесіп, ел біріншілігінен 2 күміс және 4 қола медальді еншіледі. 

Бұл – орасан зор табыс, бұл - аудан спорты тарихындағы елеулі оқиға. Олай деуге себеп, ел біріншілігіндегі мұндай жетістік аудан спортының тарихында алғаш рет орнап отыр.

Жаттықтырушының спортшы өмірінде маңызды рөл ойнайтын басты тұлға екені сөзсіз. Бапкердің деңгейі – спорт­шы жетістігінің өлшемі. Осы ретте, аудан спортының қоржынын әп-сәтте тұтастай 6 жүлдемен толтырған балуандардың жаттықтырушысы Исатай БЖСМ джиу-джитсу бөлімінің тәжірибелі бапкерлері Берік Хамзин және Нұрсұлтан Абдеш екенін де айта кеткеннің артықтығы болмас.

Осылайша, ел чемпионатынан олжа салған балуандарымыз ендігі кезекте шілде айында Астана қаласында өтетін Әлем біріншілігінде ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.

 

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521