Исатайлық дзюдошы қыз ел чемпионы атанды

Исатайлық жас дзюдошы Інжу Жұмажан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.

Исатай аудандық білім бөліміне қарасты "Барыс" балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының шәкірті Інжу Жұмажанның қай додадан да құр келген кезі жоқ. Бұған дейін талай тартысты турнирлерде топ жарған Інжудің бұл жолғы жетістігінің жөні бір бөлек. 
 
Жақында Өскемен қаласында дзюдо күресінен 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Еліміздің барлық өңірлерінен 600-ге жуық жас палуан бақ сынаған ел біріншілінде Інжу облыс құрамасы сапында 44 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. 
 - Шаршы алаңдағы алғашқы кездесуінде Інжу Қарағанды облысының палуанын айқын басымдылықпен жеңді. Екінші белдесуде Астана қаласынан келген палуан қызды қапы қалдырып, үшінші айналымда Жамбыл облысының, төртінші кездесуінде Шымкент қаласының спортшыларынан басым түсті. 
 Ал, ақтық сында Ақмола облысынан келген қарсыласын таза жеңген Інжу  Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанды, - дейді палуан қыздың бапкері Тұрар Ризуанов. 
Бұл - Інжудің ел чемпионатындағы алғашқы бәсекесі. Жеңіс тұғырына көтерілгендегі ерекше әсерімен бөліскен ол баптап бәйгеге қосқан жаттықтырушылары мен қолдау білдірген ата-анасына дән риза.
- Биыл жасым жетіп тұңғыш рет Қазақстан чемпионатына жолдама алдым. Бұл жарысқа қызу дайындалдық, ағайым да бар күшін салды. Біз тек 1 нші орынды ғана көздедік, мақсатымыз чемпион атану еді. Иә, жаттығу кезінде қатты шаршаған кезім болды, бірақ, сондай сәттерде ағайым жігер беріп, әрқашан қолдап отырды. Сосын да шығар мен үшін маңызы зор болған бұл жарысқа сақадай сай бардық, - дейді чемпион. 
  - Қарсыластардың қай-қайсысы да осал емес. Бірақ, біз олардың бәрін де жеңдік. Ойлаған мақсатымызға жетіп, чемпион болған кезде ағайым екеуміз қатты қуандық. Басында толқыныс болғанын да жасырмаймын, өйткені, бұл менің бірінші манызды жарысым еді, - дейді Інжу.

Інжу Жұмажан спортпен екінші сыныптан бастап айналыса бастады. Оның күреске бейімдігін кішкентай кезінен-ақ байқаған ата-анасы "Барыс" балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының дзюдо бөліміне береді.
  - Осы спорт түрімен айналысқалы тырнақалды жетістіктерімнен түйгенім: еткен еңбек ақталады екен.Тек аянбай тер төгу керек. 

Бұл тек бастама ғана,  бұнымен тоқтап қалмаймыз.Біздің мақсатымыз - Олипиада шыңы, - дейді палуан қыз. 

Айта кетейік, Інжу бұдан бөлек, биылдың өзінде Ақтау, Атырау, Талдықорған қалаларында өткен республикалық турнирлерде чемпион атанды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521